Өнім бар, сақтайтын қойма жоқ: Жолдауда қандай тапсырма берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайызы бүлінеді. Құрылтай депутаты Серік Егізбаев мұны заманауи қоймалар мен сақтау технологияларының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Оның айтуынша, өнімді терең өңдеу және суды үнемдеу ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарына айналуға тиіс.
— Біздің фермерлер өнімді жақсы өндіреді. Бірақ оны сақтай алмай қаламыз. Ресми статистиканың өзі өндірілген өнімнің 40 пайызы бүлінетінін көрсетіп отыр. Оған заманауи қоймалар жоқ, заманауи технологиялар жоқ. Сондықтан Президент оның алдында да Үкіметтің, сала мамандарының алдына терең өңдеу туралы мақсаттарды қойып жүрді. Ауылшаруашылық өнімдерінің көпшілігі ұзақ уақыт сақталмайды. Сондықтан Президент оларды терең өңдеп, қосымша табысты арттыратын молайтатын технологияларға көшу қажеттігін айтты, — дейді Құрылтай депутаты Серік Егізбаев.
Сонымен бірге, депутат суды тұтынудан суды үнемдеу саясатына көшудің маңызды екенін айтуда.
Оның айтуынша, Қазақстанда тұтынылатын судың 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына, соның ішінде суармалы жерлерге жұмсалады.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге баса мән беруді тапсырған еді.