Өнім бөлісу келісімі: Министр экологтердің ұсынысына жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мұнай компанияларымен мемлекет арасындағы өнім бөлісу келісімдерінде экология мәселелерін қаншалықты ескерілгенін айтты.
— Вадим Ни сияқты экологтар елдегі ірі мұнай өндіретін инвесторлармен жасалған өнім бөлісу келісімдерінің экологиялық талаптары энергетиктерге мәлім болғанымен, экологтердің қолы жетпей отырғанын айтты. Келісімдерді қайта қараған кезде экологиялық талаптарды көпшілікке ашық ету туралы ұсынысқа байланысты министрліктің ұстанымы қандай, — деп сұрады БАҚ өкілі.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев аталған өнім бөлісу келісімдері Қазақстанның экология туралы заңнамасына бағынатынын айтты.
— Кез келген жер қойнауын игеру туралы келісімшартта қоршаған ортаны қорғау бағытын қамтитын бөлек бөлім бар. Бүгінгі таңда ешбір келісімшарт экология заңнамасына қайшы келмейді. Ол талаптарда мердігер немесе инвестор қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ұлттық заңнаманың бүкіл талаптарын сақтауға міндеттелетіні айтылған. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау заңнамасы жер қойнауын игерушілермен келісімшарт қашан және кіммен жасалғанына қарамастан толық сақталып отыр. Көмірсутегін игеру бағытында қоршаған ортаны қорғау заңнамасының сақталуын бақылау реттеу ісінде ешбір құқықтық, заңгерлік қиындық жоқ, — деді вице-министр.
Министр Ерлан Нысанбаев орынбасарының жауабын қуаттады.
— Әр инвестор табиғат қорғау жоспарын бекіткен. Сол жоспарды орындауға нақты қаражат бөлу қарастырылған. Біз соған қарап олардың экологияны қорғау мәселесіне қалай қарап отырғанын біліп отырамыз. Сол себептен бұл жерде проблема жоқ. Яғни, өнім бөлісу келісімдерін қайта қараған кезде экологиялық талаптарды ашық етудің ешқандай қажеттілігі жоқ, — деді министр.
Еске салсақ, Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни мұнай кеніштерінің өнімін бөлісу келісімдерін ұзартқан кезде экологиялық талаптарды көпшілікке ашық етуді ұсынған болатын.