Оннан аса адам шағымданған: Алматыда туристік компанияға байланысты іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы туристік компанияға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде Abylai tours турагенттігіне саяхат үшін 1,2 млн теңге төлегенін, бірақ өзіне уақтылы қызмет көрсетілмегенін не ақшасы қайтарылмағанын жазды.
Алматы қаласының полиция департаменті аталған компанияға қатысты 10-нан астам адамнан арыз-шағым түскенін растады. Қазір тергеу жұмыстары басталған.
– Әуезов аудандық полиция басқармасында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда «MM Travel» туристік компаниясына қатысты сот үкімі шықты. Компания басшысы Ақтоты Дүйсееваға 3 жыл бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев 3 жыл 8 айға бостандығынан айырылды.