Ономастиканы түбегейлі реттеу үшін арнайы заң қабылдануы керек - М.Сабыр, филолог-ғалым, БҚО

-Бүгінгі таңда тарихтың да, саясаттың да бір ұшы міндетті түрде ономастикаға келіп тіреледі, - деді ғалым. - Ел мәдениеті, тарихы тілден, сол елдің атауларынан байқалады. Ономастика жүйесі - кез келген этномәдени қоғамның өмір сүруінің ажырамас бөлігі.
Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық рөліне қатысты академик Әбдуәли Қайдаров: «Ең алдымен, оның тірек болар үштағаны - жазу-сызуы, ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі, ономастикасы, терминологиясы, берік емес екендігін мойындау қажет», деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда латын жазуына негізделген төл әліпби қабылдау ісі - көкейкесті мәселе. Терминология талабы да толық шешіле қойған жоқ. Ономастиканы әдіптеп, жер-су, қала, көше атауларын ел тарихымен, мәдениетімен сабақтастыру - ұлттық тілімізді, мәдениетімізді өркендетудің, құндылығын арттырудың өзекті мәселелерінің бірі.
Ономастика саласындағы қордаланған мәселелерді шешу Батыс Қазақстан облысында көше атауларын реттеуден бастау алды. Сондықтан бірнеше ауданға ономастика мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, көше атауларын тәуелсіз елдің бет-бейнесіне сәйкестендіру бағытында кеңес берілді. Нәтижесінде мораторийге дейін жинақталып қалған күрделі мәселелерді шешудің негізгі тетігі - халықтың пікірін ескеру қағидасы бойынша облыс бойынша 731 көше атауы өзгертілді.
Батыс Қазақстан облысы бойынша өзгертілуге тиісті селолық округтер мен ауылдардың атаулары, ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бағытындағы ұсыныстар ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау мақсатында құрылған жұмыс тобының отырысында қаралып, мақұлданып отырады. Бірақ бір ескеретін жәйт, облыстық ономастикалық комисия құрамына белгілі тілші-ғалымдардың тартылмағаны байқалады. Келешекте жұмыс тобы лингвист ғалымдармен, тарихшы-өлкетанушылармен толықтай қайта жасақталуы керек-ақ. Ономастикалық комиссия жүйелі, тұрақты қызмет істейтін ғылыми орталыққа айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Кез келген елдің азаматтық рухының деңгейін сол елдің жер-су, қала, көше атауына деген құрметі арқылы бағалауға болады.
-Мұрат Бөкенбайұлы, тағы бір өзекті мәселе жиі сөз болып келеді, ол - жарнама мен көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі мәтіндердің қате жазылуы. Қазақтың жанын тербеп, рухын көтеретін мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттар жеткілікті деу қиын. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
-Иә, жарнама және көрнекі ақпарат саласындағы келеңсіздіктер Қазақстанның қай өңірінде де өршіп тұр. Қазір өмірімізді жарнамасыз елестете алмаймыз. Бизнес саласының өзінде «Жарнама - әдемі айтылған шындық» деген аксиома қалыптасқан. Біздің дәуіріміздегі жарнамаға қатысты көзқарастар, жалпы мазмұнын алсақ, «коммуникация процесі, қоғаммен қатыстырушы экономикалық немесе әлеуметтік құбылыс» дегенге саяды. Жарнама дегеніміз - белгілі бір тапсырыс берген демеушінің атынан тауарды тартымды көрсетуге және оны сатып алушыға қарай жылжытуға бағытталған ақпарат.
Күнделікті тәжірибемізде көріп жүргеніміздей, жарнама беруші сататын затын маңызды санайды да, ал сол жарнаманың тіліне мән бермейді. Мысалы, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің студенттері халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының бастамасымен Оралдағы Достық даңғылы бойынша «Сауатты жаза білейік» акциясын өткізген кезде бірқатар қателер анықталып, фотоға түсірілді. Жалпы, мекеме маңдайшаларында, жарнамалық ақпаратта жіберілетін қателіктер - біріншіден, қазақ әріптерінің дұрыс жазылмауы, сөздегі орфографиялық қателер, сөйлемнің дұрыс құрылмауы болса, екіншіден, әріптердің түсіп қалуы кездеседі. «Тілдер туралы» ҚР Заңына сүйене отырып, көше бойындағы мемлекеттік тілдегі жазулардағы өрескел қателерді түзетсек, азаматтық борышымыз ретінде өз пікірлерімізді білдірсек деген ниетпен белсенді жұмыс істеген студент жастар жарнамадағы келеңсіздіктің басты себебі мемлекеттік тілге деген салғырттық, салқын қараудан туындап отыр деген пікірде қалды. Жазуда қате жіберген мекемелерге арнайы хат жолданды, олардың бірқатарынан жауап келді, ал кейбіреулері мүлдем селт еткен жоқ. Әйтсе де бұл акция қоғамдық пікір туғызды, мемлекеттік тілдің абыройы үшін күресе білетін жастар бар екенін, олардың немқұрайлы еместігін көрсетті.
Жарнама саласындағы мемлекеттік тілдің әлеуметтік лингвистикалық мәселелері аса өзекті екенін байқаймыз. «Жарнама туралы» ҚР заңында ( 2003 жылғы 19 желтоқсан, №508): «Осы заңның мақсаттары жарнаманы жасау, тарату, орналастыру және пайдалану үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету, жарнама саласындағы жосықсыз бәсекеден қорғау, жөнсiз жарнаманы болғызбау және оларға тыйым салу болып табылады», - делінген. Аталмыш заңымыздың 3-бабының екінші тармағында: «Жөнсiз жарнама - мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берiлген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу, жалған және жасырын жарнама» - деген нақты анықтама беріліпті. Сонымен қатар жөнсіз жарнаманың түрлері де айқын көрсетіліпті. Өкінішке орай, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамалар жөнсіз жарнаманың түріне жатпайды екен. Осы заңның 7-бабында «Жөнсіз жарнамаға тыйым салынады», - деген тармақша бар. Дейтұрғанмен, мемлекеттік тілде қате жазылған жарнама жөнсіз жарнамаға жатпағандықтан, қалай тыйым саламыз деген сауал туындайды. Қысқасы, бүгінгі Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілде қате жазылған жарнамамен күресу қиын болып отыр. Бұл заң актілерінің солқылдақтығын көрсетеді. Мәселен, Орал қаласындағы «Кублей» фирмасы жылқы, сиыр етінен консервіленген сапалы өнім шығарады. Осы фирма өнімдерінің сыртындағы қате ақпараттар бір жыл бұрын әлеуметтік желіде дау туғызды. Кәсіпорын қызметкерлерінің өтінуі бойынша біздер көрнекі ақпараттарын түзеп бердік. Қазіргі таңда біршама өнімдеріндегі ақпарат ретке келтірілді. Тек бір консервінің «бесбармаққа қазы» атауы түзетілмей, сол күйінде әлі дүкен сөресінде тұр. Бұл өнім жасаушы жеке меншік кәсіпорынның қай тілде, қалай ақпарат беруді өзім білемін деген пиғылынан екендігі анық.
Қорыта айтқанда, «Жарнама туралы» заңның тілі шұбалаңқы, түсініксіз. Бұл заңның орысша жазылып, кейін қазақшаға аударылғанын көрсетіп тұр. «Жарнама туралы» заңға толықтырулар, түзетулер енгізіліп, мемлекеттік тілдің жарнама саласында қолданылуы нақтылануы қажет.
Тіл басқармаларының дәрменсіздігі, мемлекеттік тілдегі жарнамалар мәтінін тексеріп қадағалайтын органның болмауы қоғамның наразылығын тудыруы әбден мүмкін. Осы күрделі мәселелер заңмен реттелсе, дұрыс болар еді. Қазіргі таңда үгіт-насихат, түсіндіру, ынталандыру уақыты өтті, ендігі кезекте нақты шешімдермен, жарлықтармен мемлекеттік тіл мәселесіне қажеттілік туғызылуы керек. Тәуесіздік алғанымызға ширек ғасырға жуықтаса да, тіл мәселесіне келгенде, жайбасарлықтан аса алмай отырғанымыз шындық.
«Жоспарлы түрде барлық жағдайды туғыза отырып, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ кезең-кезеңімен барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекеме, ұйым, кәсіпорындардың жарнама, көрнекі ақпарат тіліне айналдыру, тіл заңының жарнама саласына байланысты қағидаларын қатаң сақтауды мемлекеттік басшылыққа алу өркениетті елдің өткір ісі болмаққа керек. Өткен ғасырдың басында Сәкен Сейфуллин: «Кеңсе тілі болмай, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» десе, ХХІ ғасырда қазақ тілі жарнама тілі болмай, көсегесі көгермейді. Ел боламыз десек, жарнамадағы тілімізді түзейік, жер-су, қала, елді мекен, көшелер атауларын тәуелсіздік талаптарына сәйкес қайтадан реттейік», деп түйіндеді ойын ғалым.