Өңірдегі аудандарды дамыту стратегиясы әзірлене ме – Қанат Бозымбаевтың жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжіліс депутаттарының әр өңірдің мықты және әлсіз тұстарын ескере отырып, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеуге қатысты сауалына жауап берді.

Қанат Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 99 қаулысымен өзгерістер енгізілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесіне (бұдан әрі – МЖЖ) сәйкес, аумақтарды дамыту бағдарламалары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың даму жоспарларына (бұдан әрі – өңірлерді дамыту жоспарлары) қайта форматталды. Сонымен қатар, МЖЖ құжаттарын оңтайландыру мақсатында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарды дамыту бағдарламалары алынып тасталынды. Осылайша өңірлерді дамыту жоспарларындағы нысаналы индикаторлар өңірлерді дамыту жоспарларына қосымша түрінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісінде белгіленеді», - деді вице-премьер жауабында.

Бұдан басқа, оның атап өтуінше, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жинақы және икемді жүйесін қалыптастыру мақсатында МЖЖ-ге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі №350 қаулысымен өңірлерді дамыту жоспарларының нысаналы индикаторлары декомпозияланған негізгі ұлттық индикаторларға және МЖЖның жоғары тұрған құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша өзгерістер енгізілді.

«Осыған байланысты, МЖЖ-ға сәйкес аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар үшін жеке стратегиялық құжаттарды әзірлеу көзделмеген. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісіндегі барлық іс-шарар өңірді дамыту жоспарында және оны іске асыру жөніндегі жол картасында көрсетілген», - деді Қанат Бозымбаев,

Бұған дейін биыл 32 аудан әкімі біліктілігін арттыратындығын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар