Өңірлерде көгілдір отынға қолжетімділік артып келеді
АСТАНА.KAZINFORM - 2025 жылы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана мен оның агломерациясын газдандыруға ерекше ден қойды. Сонымен қатар өңірлерді көгілдір отынмен қамту күшейді. Оған дәлел, биыл 95 елдімекенде 350 мың адам газға қол жеткізсе, 2026 жылы тағы 41 елдімекенге газ берілетін болады. Мәселен, егер 2024 жылдың 1 қаңтарында ел тұрғындарының 62%-ы газбен қамтамасыз етілсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64,2%-ға дейін өсті. Бұл ретте, ішкі нарықта газ тұтыну көлемі үнемі өсіп келеді: жыл қорытындысы бойынша тиісті меже 20,4 млрд м³ құрады. Ірі жобаларды жүзеге асыру және жаңа магистральдық газ құбырларын қосу арқасында жүздеген елдімекенде өмір сүруге қажет қолайлы жағдай жасалып, қарқынды дамуға мүмкіндік туды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының 1-ші кезеңін іске асыру аясында Астананың айналасында орналасқан елдімекендерді газдандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы мамандарының белсенді атсалысуымен Нұрлы, Талапкер, Қоянды, Ы.Алтынсарин, Аққайың елдімекендеріндегі 35 мың адам газ игілігін көре бастады.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан телекөпір барысында Қосшы қаласы газға қосылды. Сөйтіп қаладағы 31 мың тұрғын «көгілдір отынға» қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Цифрландырудағы серпіліс
QazaqGaz күнделікті жұмысында жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізуді берік ұстанып отыр. Компанияның басты тұтынушылық өнімі – QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы, абоненттерге есепке алу құралдарының көрсеткіштерін фотосуреттер арқылы беруге мүмкіндік туғызды. Жасанды интеллектке негізделген алгоритмдер есептегіш көрсеткіштерін автоматты түрде таниды және деректерді абоненттіңқатысуынсыз өңдейді. Қазірдің өзінде 330 мыңнан астам адам осы сервисті пайдаланса, 2026 жылдың соңына дейін барлық абоненттің кемінде 10%-ын қосымшаға қосу жоспарланып отыр.
Egov порталында қолданысқа берілген газдандыру жөніндегі ЖИ-кеңесші жылдам әрі тәулік бойы жауап бере отырып, байланыс орталықтарының жұмысын жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ, техникалық шарттарды беру процесі толығымен онлайн сипатқа көшті. Қажетті құжаттар дерекқордан автоматты түрде жүктеледі және оларды тіркеу жылдамдығы 12 есеге өсті.

Қысқасы, игілікті істердің нәтижесі сол, қазақстандықтардың газ игілігіне қол жеткізуі жоғарылап, елдің энергетикалық қауіпсіздігі нығайып келеді.