Өңірлерде нан бағасы қанша тұрады?

Қазақстандықтардың дастарханын нансыз елестету мүмкін емес. Бүгінде ұн өнімінің бұл түріне таңдау мол. Азық-түлік себетіне қарапайым нан, дәмі тәтті тоқаш, тандыр нан секілді бірнеше түрін қосуға болады. Kazinform агенттігінің редакциясы өңірлердегі дүкен сөресінде ас атасының бұл түрі неше теңгеге сатылып жатқанын саралап көрді.

Нан бағасы
Коллаж: Kazinform

Еліміздегі бағасы төмен және жоғары нанның қай өңірде сатылатынын анықтау мақсатында бірінші сұрыпты ұннан жасалған өнім құнын білдік. Ең төмен баға Түркістанда болып шықты. Мұнда бірінші сұрыпты нан 70 теңгеге сатылып жатыр. Ал екінші орында Қызылорда қаласы тұр. Мұнда бір бөлке нан бағасы 90 теңге. 

Содан кейін Ақтау қаласы бар. Мұнда нан бағасы 95 теңге. Ал Шымкентте қалыпта піскен нан аса қатты сұраныста болмаса да 99 теңге болып тұр. 

Ал Өскемен мен Ақтөбеде нан бағасы 100 теңге тұрады. 

Сонымен бірге Тараз, Қонаев және Жезқазған қалаларында нан бағасы бірдей. Мұнда ас атасының бір бөлкесі 110 теңгеден сатылып жатыр. Атырау қаласында да баға шамалас. Мұнда нан бағасы 115 теңге. Алматы мен Павлодар қалаларында қазіргі кезде нан орта есеппен 120 теңгеден сатылып жатыр. 

Одан әрі Қарағанды қаласы тұр. Мұнда тұтынушылар нанға 135 теңге төлеп жүр. Ал астықтың отаны Қостанайда баға бұдан 4 теңгеге жоғары. Яғни нан 139 теңгеге сатылады. Семейліктер болса нан сатып алу үшін 150 теңге жұмсайды. 

Одан кейін қалалар арасындағы нан бағасында 10 теңге айырмашылық бар. Петропавлда нан 160 теңге тұрады. Ал еліміздің астанасы Астана қаласында баға 170, Талдықорғанда 180 теңге. 

Соңынан бастап санағанда екінші орында Орал қаласы тұр. Мұнда нанның құны — 200 теңге. Бұл еліміздегі ең қымбат нан емес. Қазақстан бойынша ең жоғары баға қазір Көкшетау қаласында болып тұр. Мұнда баға 205 теңге. 

Қазақстандықтардың бәрі бірдей қалыпта піскен нан жемейді. Мәселен Шымкент пен Түркістан халқы тандыр нан тұтынғанды жөн көреді. Ал кейбірі тәтті тоқаш сатып алады. Оның бағасы бірінші сұрыпты нанға қарағанда әлдеқайда жоғары. 

Қазақстандағы кейбір супермаркеттер желісінен қажетті нанды таппайтын кездер де кездеседі. Сөрелерде нан өнімдері болғанымен, қарапайым ғана қалыпқа піскенін таппай, адамдар үй маңындағы шағын дүкендерге жүгіреді.

инфографика
Инфографика: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Kazinform еліміздегі пісірілген және жартылай қақталған шұжық бағасына шолу жасады. 

Соңғы жаңалықтар