Өңірлерде тауар несиесі ретінде қанша үй жануары берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына орай тауар несиесі ретінде қанша үй жануары берілгенін айтты.

мал шаруашылығы
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

- Облыс әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні жол картасы (Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда тауарлық кредиттерді беру тетігін іске асыру жөніндегі жол картасы) аясында өңірлерде 309 жылқы, 6 түйе, 3 261 ірі қара мал және 4,7 мыңнан астам ұсақ мал тауар несиесі ретінде үлестірілген. Жалпы тауар несиесін беру тетігі жол картасы ауқымында облыс әкімдіктерінің және аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының ұйымдастыруымен және олардың сүйемелдеуімен іске асырылып жатқандығын атап өткен жөн, - деді вице-премьер жауабында.

Оның атап өтуінше, тауар несиесі тәсілін іске асыруға бюджет қаражаты бөлінбей, жоғарыда аталған жол картасын іске асыру аясында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жүргізіледі.

- Осылайша, тауар несиесі тәсілі арқылы көптеген ауыл тұрғыны үшін жаңа жұмыс орындарын құра отырып, ауылда өз кәсібін ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға, мал басы санын өсіруге мүмкіндік беріліп отыр, - деді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттігін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар