Өңірлерде туристік әлеуетті дамыту: стратегиялық жолдардың бірыңғай тізбесі жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердің туристік әлеуетін кешенді дамытуға мүмкіндік беретін іс-шараларға түсінік берді.
- Көлік инфрақұрылымы - негізгі туристік аймақтарға жетуді қамтамасыз ете отырып, автотуризм мен ішкі туризмді дамытудың негізгі факторларының бірі. Бүгінде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша кешенді іс-шаралар іске асырылып келеді. Атап айтқанда, Алакөлге, Катонқарағайға, Зерендіге, Кендірліге және басқа да туристік әлеуеті жоғары аумақтарға апаратын бағыттарда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс және реконструкциялау аясында «Рахман қайнары», «Бейнеу – Сексеуіл», Сарыағаш қаласын айналып өту, «Орталық – Батыс» және «Қызылорда – Қарағанды» автомобиль жолдарында жобалар іске асырылып жатыр. Бұдан басқа, жөндеу жұмыстарымен шамамен 5 мың км автомобиль жолы, оның ішінде Жаңаөзен – Кендірлі, Көкшетау – Зеренді, Сарыөзек – Көктал, Кеген – Қырғыз Республикасының шекарасы және Қалқаман – Баянауыл туристік бағыттарына көлік қолжетімділігін қамтамасыз ететін учаскелер қамтылған, - деді О. Бектенов Құрылтай депутатының сауалына жауап бере отырып.
Үкімет басшысы жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға қатысты тоқтала келе, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1421 сервис объектісі жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Өңірлерде жүргізілген жұмыстар жол инфрақұрылымын дамытудың туризм саласына оң әсерінін тигізгенін көрсетеді. Мәселен, Жетісу облысында «Талдықорған – Үшарал» және «Үшарал – Достық» автомобиль жолдарын реконструкциялау Алакөл ауданының туристік аймақтарына көлікпен жету мүмкіндігін жақсартты. Ал «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының кейбір учаскелерінің жаңғыртылуы Балқаш көлінің туристік аймағының дамуына оң ықпалын тигізуде. «Сарыөзек – Көктал» автомобиль жолы «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік маршруттарына баруға мүмкіндік береді.
- Алматы облысында «Алатау аманаты» жобасы аясында ұзындығы шамамен 1500 км болатын туристік маршрут дамытылуда. Сонымен қатар өңірдің туристік объектілеріне апаратын автомобиль жолдарын реконструкциялау және жөндеу жобалары іске асырылуда. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, Үкімет өңірлердің туристік әлеуетін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар басым автомобиль жолдарының бірыңғай тізбесін жасаған жөн деп санайды. Аталған тізбені Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге бағыттарға туристік сұраныстың бар-жоғын, олардың өңіраралық туристік маршруттар мен автотуризмді дамытудағы маңызын, негізгі туристік объектілерге көлікпен бару мүмкіндігінің бар-жоғын, сондай-ақ шағын және ауылдық кәсіпкерлікті дамыту әлеуетін ескере отырып, осы жылдың соңына дейін қалыптастыруды жоспарлап отыр, - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, жақында Құрылтай отырысында депутат Ажар Қажыбекова Премьер-министрге сауал жолдап, туристік әлеуетті толық іске асыру үшін автожолдарды туристік инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қарастыруды ұсынды.
Бұл ретте ол өңірлердің туристік әлеуетін кешенді дамытуға мүмкіндік беретін автожолдардың бірыңғай тізілімін әзірлеп, ондағы бағыттарды басым нысандар ретінде айқындау және тиісті жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет екенін айтты.