Өңірлік кадр резерві: Ұлытау облысының әкімі кандидаттармен сұхбаттасты

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық өңірде ұйымдастырылған іріктеудің Ұлытау облысында да соңғы кезеңі аяқталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Жас менеджерлер пулын қалыптастыруға, талантты жастарды тартуға бағытталған жобаның облыс үшін маңызы ерекше. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті және Ұлытау облысының әкімдігі бірлесе өткізген іс-шараға облыс әкімі, комиссияның төрағасы Берік Әбдіғалиұлы қатысып, барлық кандидатқа сәттілік тіледі. 

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

«Елге қызмет ету, оның ішінде туған жерге еңбек сіңіру – өте жауапты да сауапты міндет. Көзінде жарқыраған оты бар сіздердей жастар – Ұлытау облысының және еліміздің болашағы. Конкурсқа түскенде сіздер күрделі тапсырмаларды орындап, инновациялық шешімдер ұсына білдіңіздер. Бұл сіздерге әртүрлі салаларға жол ашуға мүмкіндік береді. Алда енді өз жобаларыңызды қорғайсыздар. Осы өте маңызды және жауапты сынақтан сүрінбей, табыспен өтулеріңізге тілектеспін», - деді өңір басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, осы жылдың наурызында басталған іріктеуге 70-тен астам азаматтан өтінім келіп түсіп, 30-ға жуығы соңғы кезеңге жолдама алды. Ал оның 20-сы облыстың болашақ дамуы жолында өз идеяларын іске асыру үшін кадр резервіне алынады. 

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі
Соңғы жаңалықтар