Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес көрсеткіштері жоғары не төмен өңірлер қайсысы
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес көрсеткіштері жоғары не төмен тұрған өңірлерді атады.

— Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жыл сайын Өңірлік стандарттар жүйесіне (бұдан әрі — ӨСЖ) сәйкес елді мекендердің объектілермен және көрсетілген қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейіне мониторинг жүргізеді. білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, демалыс, көлік, жол және инженерлік инфрақұрылым, қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, инфокоммуникация, тұрмыстық қызмет көрсету және қызмет көрсету инфрақұрылымы салаларын қамтитын 12 бағыт бойынша инфрақұрылымның жай-күйін және оған қажеттілікті көрсететін объектілер мен көрсеткіштерді қамтиды, — деп атап өтеді министрліктен агенттік сауалына орай.
Ведомствоның мәліметінше, аталған жүйеге сәйкес қамтамасыз етуді есептеу әрбір облыс бойынша жеке жүргізіледі. Бұл тиісті объектілер мен қызметтердің қолжетімділік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
— Өңірлер бойынша Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілермен және көрсетілген қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету бойынша Алматы (92,1%), Шымкент (88,1%), Астана (89,3%) қалалары, Маңғыстау (71,3%) және Павлодар облыстары (69,2%) көш бастап тұр. Төмен көрсеткіштер қайта құрылған Абай (56,3%) және Ұлытау (59,0%) облыстарында байқалады, — деді ведомстводан.
Қазіргі уақытта Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштеріне сәйкес өңірлер арасындағы алшақтықты азайту мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. мәселен, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2022–2024 жылдары республикалық бюджеттен Абай облысына 18,8 млрд теңге қаражат бөлініп, 221 жоба, ал Ұлытау облысына 6 млрд теңге бөлініп, 37 жоба іске асырылды.
— Сонымен қатар жоба аясында 2025 жылы Абай облысына 8,6 млрд теңге, ал Ұлытау облысына 5,2 млрд теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ, жалпы сипаттағы трансферттерді қалыптастыру кезінде жүйе көрсеткіштерін қамтамасыз етуде ең үлкен алшақтық бар елді мекендерге басты назар аударылады. Олар жобаларды қаржыландыру кезінде басымдылыққа ие болады, — деді министрліктен.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.