Оңтайлы көлік жүйесін қалыптастыру үшін ондағы қызмет көрсетуді сапалы жаңа деңгейге көтеру қажет - Ә. Құсайынов

- Құрметті Әбілғазы Қалиақпарұлы! Елбасы елімізді инновациялық тұрғыдан индустрияландыру үшін көлік және телекоммуникация инфрақұрылымын дамытуды негізгі басымдықтардың қатарына жатқызды. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін қазір қандай жұмыстарды қолға алудасыздар?
- Еліміздің көлік-коммуникация кешенін дамыту 2015 жылға дейінгі Қазақстанның Көлік стратегиясына және 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Инфрақұрылымның даму деңгейі жалпы көлік жұмысының тиімділігін анықтайды. Оңтайлы көлік жүйесін қалыптастыру үшін көлік жүйесін қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейіне ауыстыруды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекет экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің артуына әкеледі.
Қазіргі уақытта инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, темір жолдар мен автомобиль жолдары жаңадан салынып, қолданыстағыларын электрлендіру жүргізілуде, 5 негізгі әуежай қайта жаңартылды, қазіргі заманға сай материалдар мен технологиялар енгізілуде, автомобиль жолдарының техникалық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылуда.
Ағымдағы жылы жоспарланған инфрақұрылымдық жобалар тұрақты түрде қаржыландырылып тұрса, 11 мың жаңа жұмыс орындарын құруға және құрылыс кезеңінде еншілес салалардан 30 мыңға жуық адамдарды тартуға мүмкіндік бар. Бұл ретте инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ең жоғарғы шегі 2010-2012 жылдар аралығына келеді, ол уақытта жоспарға сәйкес 90 мың жаңа жұмыс орыны ашылады, еншілес салаларда 265 мың адам жұмысқа тартылады. Инвестиция көлемінде қазақстандық құрамдаушының үлесі - 76 пайызды құрайды. Таяудағы 3 жылда біз бұл көрсеткішті 88 пайызға жеткізуді көздеудеміз. Біздің жоспарларымызды іске асыру экономиканың басқа секторларына, еліміздің индустриялық, аумақтық, әлеуметтік және инновациялық дамуына едәуір мультипликативтік тиімділік береді.
Көлік және коммуникация кешенін дамытуда Қазақстанның транзиттік көліктік әлеуетін арттыру және толығырақ пайдалану маңызды бағыт болып табылады. Еліміз аумағы арқылы жүктер мен жолаушыларды транзиттік тасымалдау Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларына және халықаралық келісімдер мен келісімшарттарға сәйкес теміржолмен, әуе жолымен, автомобиль жолымен, мемлекетаралық бағыттардағы ашық теңіз ішкі су көліктерімен, жолдармен, трассалармен және су жолдарымен жүзеге асырылады. Транзит - бұл тасымалдаудың кірісі жоғары құрамдауышы болып табылады. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» компаниясының тасымал көлеміндегі транзиттік жүктердің үлесі 5-6 пайызды құрайды, сонымен қатар компанияның жалпы табысындағы транзиттен түсетін пайданың үлесі 12-15 пайызды құрайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан аумағы бойынша жүктерді транзиттік тасымалдау көлемінің жылына 15-20 пайызға өсіп отыр.
Бүгінде Қазақстан негізгі халықаралық көлік дәліздерінің қатысушысы болып табылады және трансеуропалық және азиялық көлік желілеріне кірігу жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде. 2006 жылы Қазақстан ұзақмерзімді Көлік стратегиясын қабылдады. Бұл стратегия еліміздің аумақтық дамуымен және тұтастай алғанда Еуропа құрлығының дамуымен үйлестірілген. Стратегияда Солтүстік - Оңтүстік, Батыс-Шығыс бағыттарында құрлықтық және трансқұрлықтық транзитті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы магистральдарды қалыптастыру көзделген. Стратегия Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын дамытудың негізгі құжаты болып табылады, оның аясында қазіргі уақытта сомасы шамамен 30 млрд. АҚШ доллары болатын 80-ге жуық ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезеңде негізгі жүк тасымалдары үш басты бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар: Қазақстан-Қытай, Қытай-Орталық Азия, Қытай-Ресей-Батыс Еуропа.
Халықаралық сарапшылардың дерегінше, Орталық Азия елдерінің аумақтары арқылы Еуропа мен Қытай бағытында жүзеге асырылатын транзиттік тасымалдар шамамен 1 пайызды құрайды. Транзиттік дәліздердің жұмыс жасауын сапалық жағынан жақсарту және шекараларды кесіп өту проблемаларын шешу жөніндегі келісілген шараларды іске асыру арқылы бұл көрсеткіштерді ұлғайтуға болады. Тек соңғы екі жылда Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдар көлемінің өсімі 40 пайызды құрады. Транзиттен түскен табыстар да осыншалық көбейді. Қазақстанның 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясына сәйкес, елімізде транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуда қолайлы жағдай жасауға бағытталған біраз жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет пен жеке меншік серіктестік негізінде таяу уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес келетін халықаралық маңызы бар 1 мың шақырымдай автожолдарды салу және қайта салу көзделіп отыр.
- Енді теміржол саласына қатысты бір сұрақ. Ел экономикасын дамытуда маңызы зор бұл салада қордаланып қалған проблемалар аз емес. Соларды шешу үшін, жалпы еліміздің темір жол саласын жаңғырту мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
- Қытаймен шығыстағы шекарада «Достық» станциясының және «Ақтоғай-Достық» теміржол учаскесінің өткізгіштік қабілетін ұлғайту жөнінде шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұның қуатын 2011 жылға қарай жылына 25 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Концессиялық негізде «Қорғас-Жетіген» жаңа теміржол желісінің құрылысын салу арқылы Қытаймен екінші шекаралық өтпені ашу жоспарланып отыр. Аталмыш желі тасымалдарды Қытайдан Орталық Азияға, Иранға, Батыс Еуропаға, Кавказ республикаларына барынша қысқа жолдармен ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Іске қосылатын алғашқы жылдың өзінде жаңа темір жол желісі бойынша жүк тасымалының жоспарлы көлемі 5 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте Қытай мен Қазақстанның оңтүстік өңірлері арасындағы, Орталық Азия елдерінің арасындағы жүктерді тасымалдау қашықтығы 500 шақырымнан астамға қысқарады. Ұзақтығы 988 шақырымдық «Бейнеу-Жезқазған» жаңа темір жол желісінің құрылысы теміржол саласындағы ірі әрі перспективалы жобалардың бірі болып табылады. Бұл жобаның құны - 2,3 млрд. доллар. Осы магистраль пайда болғасын еліміз аумағы арқылы Батыстан Шығысқа, Қытаймен шекарадағы Достық/Қорғас станциясынан Ақтау айлағына дейін жаңа транзиттік маршрут төселеді. Жобаны жүзеге асыру Ақтау теңіз айлағы арқылы батыс аймақтары мен Азия елдері бағытындағы маршруттың ұзақтығын орта есеппен 600 шақырымға қысқартуға, еліміздің темір жолдарымен тасымалданатын Қытай, Еуропа және Кавказ арасындағы транзиттік жүктердің көлемін тартуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы Өзен (Қазақстан) - Берекет (Түрікменстан) - Гөрган (Иран) теміржол учаскесінің жобасын бастау көзделіп отыр. Бұл Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына және Босфор мен Дарданеллы бұғаздарына соқпай Жерорта теңізіне жер бетінде жүретін көлік түрімен жүк тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұл Оңтүстік Солтүстік және ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөліктерінің бірі ретінде қарастырыла алады.
- Қазақстан теңізге тікелей шығатын жолы жоқ елдердің қатарында. Дейтұрғанмен, соған қарамастан Каспийдегі Ақтау айлағының инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударылып жатқаны белгілі. Бұл жұмыс біздерге қандай артықшылықтар береді?
- Каспий бойы аймағында біздер экономиканың басқа салаларының көліктік әлеуетін дамытуға және инфрақұрылымын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Біз үшін Каспийдегі айлақтық инфрақұрылымдардың даму деңгейінің маңызы зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізі арқылы тасымалданатын жүктердің жалпы көлемі шамамен 30 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте ТРАСЕКА және Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздері өтетін Ақтау айлағының үлесі жүктер ағынының жалпы көлемінің 33 пайызын құрайды. Осылайша Ақтау айлағы бүгінде Каспийдегі жүктерді құрушы ең ірі айлаққа, Каспий бойы елдерімен түгелдей, Қара теңіз және Жерорта теңізі бассейндеріндегі елдердің барлығымен теңіз байланыстарын жүзеге асыратын маңызды транзиттік торапқа айналып отыр.
Қазіргі уақытта Ақтау айлағын солтүстік бағытқа қарай кеңейту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру айлақтың мұнай құятын және құрғақ жүктерді тасымалдау жөніндегі өндірістік қуатын екі есеге, яғни жылына 23 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
- Елбасы биылғы Жолдауында Халықты жұмыспен қамту стратегиясына айрықша назар аударды. Осы орайда Үкімет әзірлеген «Жол картасы» бойынша Көлік және коммуникация министрлігі салада қанша жұмыс орнын құруды көздеп отыр? Бұл бағыттағы жұмыстың қандай да бір нәтижелері бар ма?
- «Жол картасы» шеңберінде жергілікті маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ қала мен елді мекендердің көшелерін жөндеу жұмыстарына 49,9 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 31,1 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттер, 18,8 млрд. теңге жергілікті бюджеттерден қосымша қаржыландыру ретінде бөлініп отыр.
Көлік және коммуникация министрлігі барлық облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен «Жол картасы» шеңберінде мақсатты трансферттерді бөлу туралы келісімге қол қойды. «Жол картасы» шеңберінде 2777 шақырым, соның ішінде 935 шақырым қала мен елді мекендердің көше-жол желілеріне жөндеу жүргізу көзделген. «Жол картасы» шеңберінде орындалып жатқан жол-құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында бақылауды қамтамасыз ету үшін қосымша «Облжолзертхана» мемлекеттік мекемесі тартылады. Облыстық әкімдіктер барлығы 54799 адам тартуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда бір-екі облыстан басқасынан барлық жобалар бойынша конкурс өтті. 801 жоба бойынша мердігерлермен келісімшарттары жасалды. Қазір мердігерлер материал дайындау және жұмылдыру жұмыстарын бастап, 20713 жұмыс орнын ұйымдастырды.
- Үкімет отырыстарының бірінде Қазақстанның әуе кемелері паркінің қазіргі жай-күйі сын көтермейтінін айтып едіңіз? Бұл проблеманы қалай шешетін боласыздар?
- Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы туралы конвенцияға сәйкес, ИКАО-ға ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында бірыңғай стандарттарды әзірлеу жөніндегі функция жүктелген. Мұның ішінде әуе кемелерін ұшудың қауіпсіздігін арттыратын арнайы борттық құрал-жабдықтармен жабдықтау талаптарын бекіту де бар. Қазақстан Республикасы тиісінше ұлттық деңгейде аталмыш стандарттарды енгізуі тиіс.
Көлік және коммуникация министрінің 2008 жылғы наурыздың 30-ғы бұйрығына сәйкес, ұшудың қауіпсіздігін арттыру үшін ұшатын массасы 6 тоннадан астам және 19 жолаушыдан көп адамды тасымалдауға арналған әуе кемелерін арнайы құрал-жабдықтармен жабдықтауға қатысты ИКАО-ның жаңа стандарттары енгізілуі тиіс. Яғни, бұл стандарттардың қатарына басқа әуе кемесімен жақындағанда қауіпті ескертетін жүйе, халықаралық жиілікте жұмыс істейтін апаттық радиошамшырақ, жерге жақындағандағы қауіпті алдын-ала ескертетін жүйе болуы тиіс. Қазіргі уақытта аталмыш стандарттарға Ан-24, Як-40, Ту-134, Ту-154 сынды кеңес заманында жасалған әуе кемелері сәйкес келмейді. Қазақстанда ресурстарын конструкторлық бюро жылдан жылға созуға мәжбүр болып отырған барлығы 47 бірлік әуе кемесі пайдаланылады. Бұл дегеніміз мұндай әуе кемелерімен ұшу қауіпсіз еместігін білдіреді. Барлық әуе кемелері техникалық түзулігі және жылдық жарамдылығы нормаларына сәйкестігі бойынша ауық-ауық тексеріп тұруды қажет етеді. Дейтұрғанмен, олар жаңа стандарттарға сәйкес жабдықталып бітуі тиіс немесе пайдаланудан шығарылуы қажет. Ан-24 немесе Як-40 сынды ұшақтарды көрсетілген құрал-жабдықтармен жабдықтаудың құны 400 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл тұтастай ұшақтың нарықтық құнымен тең баға.
Осы орайда біз еліміздің әуе паркін біртіндеп жаңалауды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда батыста жасалған 25 әуе кемесі пайдаланылады. Бұлар әуе тасымалының 80 пайыздан астамын жүзеге асырады. Әуе паркін жаңалау әуе кәсіпорындарының жеке және сырттан тартқан қаржылары есебінен жүргізіледі. Ағымдағы жылы «Скат» Әуекомпаниясы» АҚ бір-бір Боинг-757-200 және Боинг-737-300 әуе кемелерін лизингке сатып алып, пайдалана бастады. «Еуро-Азия Эйр» «Әуекомпаниясы» АҚ 70 жолаушы сиятын Челленджер-870 ұшағын меншігіне сатып алды. Бұл әуе кемесін өндіретін зауыт ұшақты 2009 жылдың қыркүйегінде жеткізіп беруді жоспарлап отыр. «Эйр Астана» АҚ 2011-2012 жылдары екі бірлік Эмбрайер-190 типті өңірлік әуе кемесін лизингке алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2012-2013 жылдары бұл компанияның меншігіне «Эйрбас» әуе кемелерін құрастыратын концернге тапсырыс берілген Эйрбас-320 (6 бірлік) типті әуе кемелерін жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңарту проблемасы негізінен өңірлік әуе компанияларына қатысты. Қазақстан Республикасының аумағында ИКАО-ның жаңа стандарттарының енгізілгеніне байланысты 2010 жылы көрсетілген әуепаркінің 90 пайыздан астамы қазақстандық әуе кемелерінің реестрінен шығарылады. Азайған әуе паркінің толтыру үшін 10-12 бірлік қазіргі заманғы өңірлік ұшақтар қажет. Өңірлік қазақстандық әуе компанияларының өз бетінше әуе кемелерін сатып алуға қаржылық мүмкіндіктері жоқ болғандықтан, министрлік «ҚазТрансЛизинг» АҚ (10 пайыз акциясы министрліктікі) арқылы әуе паркін лизингтік тетік бойынша жаңартуды көздеп отыр.
Министрлік «ҚазТрансЛизинг» АҚ жарғылық капиталын 2010 жылы 8 821 млн. Теңгеге ұлғайту жөнінде өтінішті әзірлеп, оны Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберді. Бұл қаржының 5 040 млн. теңгесі әуе кемелерін сатып алу бағдарламасын жүзеге асыруға, 3 781 млн. теңгесі Қазақстанның әуежайларында батыста шығарылған әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін арнайы техникаларды сатып алуға жұмсалатын болады. Әуе кемелерін сатып алу бағдарламасын жүзеге асыру үшін көзделген қаражат 10 өңірлік әуе кемесін сатып алуды бастапқыда қаржыландыруды (15 пайыз) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұларды 2010 жылы жеткізу жоспарланып отыр. Әуе кемелерін сатып алуды одан кейінгі қаржыландыру (85 пайыз) заемдық қаражаттарды тарту есебінен жоспарланып отыр.
- Мазмұнды сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет!