Оңтүстік астанада фортепианодан тұңғыш рет «Алматы мерейі-2016» қалалық байқауы өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Өнер мектебі» білім беру мекемесінде тұңғыш рет балалар музыкалық және өнер мектептерінің фортепиано бөлімі оқушыларының арасында «Алматы мерейі-2016» 1-ші қалалық байқауы басталды.

Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына арналған бұл игі шараға 7 мектептен жас мөлшері 7 жастан 17 жасқа дейінгі аралықтағы 25 оқушы қатысуда.

«Бұл байқаудың басты мақсаты - оқушылардың орындаушылық шеберлігін арттыру, дарынды, кәсіби бейімділігі айрықша оқушыларды анықтау, Қазақстан композиторларының шығармаларын кеңінен насихаттау және, әрине, педагогтардың еңбегін паш ету», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Алматы қ. «Өнер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Роза Омарова

Байқау «Фортепиано» аталымы бойынша кіші, орта және үлкен топтар арасында өтеді. Кіші топтар - 9 жасқа дейін, орта топ - 10 жастан 12 жасқа дейін, ал үлкен топ - 13 жастан 17 жасқа дейін.

«Бізде жыл сайын қаладағы музыкалық мектептер арасында белгілі бір музыка аспабы бойынша «Жас музыкант» деп аталатын қалалық байқау өтіп тұратын. Биыл, фортепиано бойынша өтуі керек еді, бірақ қаржылық дағдарысқа байланысты өтпей қалды. Соған қарамастан, біз өзіміз бастама көтеріп, өз күшімізбен және қалалық білім басқармасының қолдауымен осы байқауды ұйымдастырып отырмыз. Бұл енді алдағы уақытта дәстүрлі байқауға айналады деген үміттемін. Ал байқау жеңімпаздарын Гран-при, 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттаймыз», - деді Р. Омарова.

Айта кетелік, байқауға қатысушылар бір тур бойынша бақтарын сынайды. Әрбір оқушы жас ерекшелігіне қарай, Қазақстан композиторларының бір шығармасын, этюд немесе бір виртуозды шығарманы, бір күрделі шығарманы (соната, концерт) және өз таңдауы бойынша бір шығарманы орындайды.

Оқушылардың шеберлігін тәжірибелі педагогтардан құралған қазылар алқасы бағалайтын болады. Олардың құрамында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Гүлнар Нұрланова, осы консерваторияның доценті Алуаш Мұхитова және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әбілхайырова бар. Үшеуі де тәжірибелі оқытушылар.

Байқау қорытындысы алдағы 7 сәуірде белгілі болады. 

Соңғы жаңалықтар