Оңтүстік астананың әлеуеті жоғары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің алтын бесігі - Алматы шаһарының ел дамуында алар орны ерекше. Еліміздің экономикалық, қар­жылық, мәдени және білім орталығы ретінде Алматының бүгінгі хал-ахуалы мемлекет назарынан тыс қалмай келеді.
None
None

Осы ретте мемлекет басшысы Н.Назарбаев оңтүстік астананың негізгі даму бағыттарын нақтылап берген болатын. «Алматы - үлкен қала, оны басқару күрделі міндет жүктейді және бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Инвестиция тарту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту осы кезеңде жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс, - деді Қазақстан Президенті.

    Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша ауқымды істер атқарылып, әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін түрлі шаралар жасалып жатыр.  Қаланың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық және инфра­құрылымдық бағдарламалар да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 39 жоба іске асырылуда. Ағымдағы жылы құны 38 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылатын болады. Аталған 10 жобаның бесеуі Түрксіб ауданында, екеуі  - Медеу ауданында, екеуі - Жетісу ауданында және біреуі Бостандық ауданында жүзеге асырылып, 4,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысындағы қазақстандық қамту үлесін қамтамасыз ету аясында Алматы компа­нияларының 10 миллиард теңге кө­леміндегі қаражатпен қатысатыны туралы меморандумға қол қойылды. Ал 2017 жылғы Универсиада нысандары бойынша қазақстандық үлес 57 пайызға жетті.
    Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 2,5 пайызға жетеді. Өнеркәсіптік өндіріс өсімі 2,2 пайыз болды, инвестициялар 1,3 пайызға ұлғайды, бір миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының 73 пайызы игерілді, жыл аяғына дейін 100 пайыздық көрсеткіш қамтамасыз етіледі. Осы бағдарлама арқасында 2,6 мың жұмыс орны, жыл басынан бері 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Алматыда 10 адамның алтауы шағын және орта бизнес кәсіпорындары арқылы жұмыспен қамтылған, олардың саны 10 пайызға көбейді. Бұл сектор салық түсімдерінің 44 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, елдегі шағын және орта бизнес несие қоржынының 50%-ы Алматы қаласының еншісінде тиесілі. Ал ағымдағы жылдың  қаңтар-сәуір айларына арналған мәлімет бойынша, ШОБ өкілдеріне берілген несие көлемі 358,2 млрд. Теңгені құрайды.Оңтүстік астана әкімі Б.Байбек: «Алматы - жеке кәсіпкерліктің қаласы, ал бұл Қазақстан экономикасының бесінші бөлігі. Дағдарыс жағдайына қарамастан, қаланың даму қарқынын арттыру керек. Қаламыздың осындай мықты экономикалық қуаты бар екендігі қуантады. Енді бізге даму тетіктерін іздеп, «Алматы - 2020» бағдарламасын дамыту үшін аясында азаматтық қоғам, кәсіпкерлік және жергілікті атқарушы орындарындың бірлігі керек»,- деген болатын.

      Алматы қаласы Қазақстандағы бизнес пен капиталдың орталығына айналып отыр.  Мегаполис мемлекеттік ЖІӨ-нің 21%-ын,  салық түсімінің 31%-ын береді. Шағын және орта бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34%-ын құраса, жергілікті бюджет кірісінің 43%-ы осы саладан құйылады. Сонымен қатар, бизнесті дамыту үшін Алматының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының жеті тұжырымының үшеуі бизнесті дамытуға бағытталған. Ал әрбір он алматылықтың алтауы шағын кәсіпкерлікте еңбек етеді. Бұл көрсеткіштердің барлығы Алматы қаласының  болашағы жарқын екендігін көрсетеді.

  

Соңғы жаңалықтар