Оңтүстік Қазақстан облысында 405 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
Ермек Қыдыровтың айтуы бойынша 2014 жылы өңірімізде 306 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 115 білім, 68 денсаулық сақтау, 14 мәдениет, 13 спорт нысаны мен 45 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Осы нысандардың 155-і жыл ағымында ел иілігіне берілсе, 148 нысанның құрылысы 2015 жылы аяқталмақ. Есепті кезеңде 405 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, осы салаға тартылған инвестиция көлемі 187 млрд. 614 млн. теңгені құраған. 314 шақырым инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына 1 млрд. 780 млн. теңге инвестиция тартылып, жоспарланған жұмыстар аяқталған. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 69 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, оның 23-і тапсырылған. Оның ішінде 47 тұрғын үйдің құрылысы облыстық бюджет есебінен жүргізіліп, 16 тұрғын үй есепті кезең ішінде пайдалануға берілген. Сондай-ақ, басқарма тарапынан 2014 жылы 52 нысанның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жыл аяғына дейін оның 40-ы дайындалып, тапсырылған. Басқарма тарапынан есепті кезеңде мердігер мекемелерге қатысты 32 іс сотқа жолданып, оның 16-сы қанағаттандырылған, 10 іске байланысты сотқа қайта шағым берілген. Жеке және заңды тұлғалардың талап-арызы бойынша сотқа 9 іс жолданып, оның 2-уі қанағаттандырылған. Облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылатын әлеуметтік нысандардың құрылысы барысында белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 20 мердігерге, 8 техникалық қадағалаушы ұйымға және 17 жобалаушы мекемеге қатысты 16 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, оның 15 млн. теңгеге жуығы өндірілген. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Е.Қыдыровтың есебін тыңдаған облыс әкімі А.Мырзахметов қаралған бюджет қаражатын мерзімінде игеруді жолға қоюды, әрбір аудан, қала әкімдіктері тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында бюджет қаражатының игерілуін талдауды, жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеу барысында регламент талаптарының бұлжытпай орындалуын қадағалауды тапсырып, мемлекеттік сатып алу конкурсы талаптарына жұмысты мерзімінде орындай алмағандарға көрілетін шараларды айқындауды міндеттеді.