Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы мектептер көп - Б. Бекжанов

АНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы мектептер көп.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Берік Бекжанов осылай мәлім етті.

«Бүгінгі күнге Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы білім беретін мектептер саны 1021-ге жетіп, онда 524 мың 473 оқушы білім алуда. Мектептердің 524-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, оның 270-і сабан кірпіштен салынған, 62-і апаттық жағдайда. 2010 жылы 50 мың 53 оқушы бірінші сыныпқа барса, 2011 жылы - 56 мың 743, 2012 жылы- 61 мың 710, 2014 жылы - 66 мың 723, ал 12 жылдық білім беруге көшу кезеңіндегі 2015 жылы мектепке (6 және 7 жасар балаларды есептегенде) 148 мың 152 оқушы баратыны болжанады. Сондықтан да, Оңтүстік Қазақстан облысында апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу - өзекті мәселелердің бірі болып табылады», - деді депутат.

Оның айтуынша, 2010 жылы облыстық бюджет есебінен 45 апаттық жағдайдағы мектепте құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 24-нің проблемасы шешілген. Қалған 21 мектептің ағымдағы жылы жөнделетіні күтіледі. «Алайда, апаттық жағдайдағы 9 мектептің құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, Қаржы, Білім және ғылым министрлігіне 2011 жылы республикалық бюджет есебінен қаржы қарастыру үшін 9 инвестициялық жоба (апаттық мектептер) бойынша толық құжаттары ұсынылған. Облыс әкімдігі мәселенің өзектілігіне байланысты жергілікті бюджеттен жоғарыдағы мектептердің жалпы құнының 10 пайызы көлемінде 2011 жылға қоса қаржыландыруға 636,2 млн. теңге қаржы қарастырды», - деді Б. Бекжанов.

Соңғы жаңалықтар