10:56, 22 Маусым 2010 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстан облысында көлік апаттарының саны азайып отыр
ШЫМКЕНТ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) жолдарында жыл басынан бері жол-көлік апаттарынын саны азайғандығы байқалып отыр,

деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол полициясы басқармасының ақпаратына сәйкес, биыл облыс бойынша 729 жол-көлік оқиғасы болған, оның салдарынан 148 адам қаза тауып, 924-і жараланған. Ал 2009 жылы осы уақытта 740 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 161 адам көз жұмып, 884 адам жараланған болатын.
««Red Speed» автоматты электронды бақылау жүйесі арқылы 55 981 рет жол жүру ережесінің бұзылғандығы анықталған, оның ішінде 38 918 тәртіп бұзушыға барлығы 243 млн. 113 мың 694 теңге көлеміндегі айыппұл төлеу туралы нұсқама жіберілді», - дейді баспасөз орталығының жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Облыс бойынша 386 544 автокөлік тіркелген, оның 365 072 жеке тұлғаларға тиесілі болса, ал 21 472-сі заңды тұлғалардың автокөліктері.