15:43, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстан облысында жолаушылар автобусын тонаған қарақшылар ұсталды
ШЫМКЕНТ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері жолаушылар автобусына қарулы шабуыл жасаған қарақшыларды ұстады.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне облыстық ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Қаракөзова хабарлады. Қалааралық автобус Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданынан шығып, Алматы-Термез тас жолымен Бішкекке бара жатқан. Түлкібас ауданының аумағында жолаушылардың бірі жүргізушіден көлікті тоқтатуды өтінеді. Сол сәтте көлікке беттеріне бетперде киген және қолдарына қару ұстаған екі ер азамат басып кіреді. Қарумен қорқытқан қарақшылар жолаушылардан ақша және құжаттар талап етеді. Тонаушылардың «олжасы» 44 200 долларды, 160 200 теңгені және 18 төлқұжатты құрайды. Оқиға орнынан іздерін жасырған қарақшыларды полицейлер оқиғадан үш аптадан кейін құрықтап отыр. Тонаушылардың екеуі де бұрын сотталмаған жас жігіттер болып шықты, екеуі де Шымкенттің тұрғындары. Тергеу амалдары жалғасуда, қазір олардың сыбайластарын қолға түсіру жөніндегі шаралар қабылдануда.