14:28, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстан облысының дағдарысқа қарсы бағдарламасы - маман пікірі
ШЫМКЕНТ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы аймақтың дағдарысқа қарсы бағдарламасының кеңейтілген нұсқасын әзірлеп отыр. Кесте бойынша ол құжат Үкіметте наурыз айында таныстырылады. Облыс дағдарыстың теріс салдарын жеңіп, одан кейін еңселі дамуы үшін қандай істерге басымдық беруі керек, осы және басқа да мәселелер туралы ҚазАқпарат тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Елдана Сәдуақасова әңгімелеп берді.
- Елдана Мәкінқызы, Оңтүстік Қазақстан - халық тығыз орналасқан өңір. Сондықтан да түйінді мәселелер де аз емес шығар. Экономист ретінде айтыңызшы, бүгінде адамдар жұмыссыз қалмауы үшін қандай шаралар қабылдау керек?
- Қазір санақ жүріп жатыр, сондықтан да халық саны бойынша нақты мәліметтерді жақында біліп қаламыз. Бірақ бізде халық тұрақты саналып отырады, және соңғы мәліметтер бойынша бізде 2 миллион 381 мың 900 адам тұрып жатыр. Олардың жартысына жуығы - экономикалық белсенді халық. Жұмыссыздардың үлесі- 73,5 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар мен өз бетінше жұмыс істейтіндердің үлестері де шамалас. Жұмыспен қамтылғандардың бір қауымы бүгінгі дағдарыстың нәтижесінде өз бетімен жұмыс істейтіндердің қатарына қосылуы мүмкін. Сондықтан да еңбек нарығын қорғау мәселесі - біз әзірлеп отырған дағдарысқа қарсы бағдарламаның негізгі тарауларының бірі болып табылады. Сандарды сөйлететін болсақ, ағымдағы жылдың бюджетінде шығыстардың негізгі бөлігі - 164 миллиард теңге сомасы немесе 77 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Оның ішінде әлеуметтік қорғауға - 5,8 миллиард теңге арналған. Қаңтар айында мемлекеттік сатып алулардың жәрмеңкесі өткізіліп, оған 70 миллиард теңгеден астам соманың лоттары шығарылды. Бұл жәрмеңкеге қатысудың негізгі шарты - жергілікті еңбек ресурстарын және отандық өндірушілердің өнімдерін қолданушы болуы керек. Оған қоса, экономиканы тұрақтандыру үшін де резерв қарастырылған. Стрестік қордың мөлшері 5 миллиард теңгені құрайды. Ал Елбасының өкіміне сәйкес басымдықты емес шығыстарға қарастырылған қаржы 600 миллион теңгеге қысқартылып отыр.
- Жұмыс орындарын сақтап қалу үшін нақты қандай істер атқарылуы керек? - Мысалы құрылыс саласын алайық. Облыс бойынша қазір бұл салада шамамен 34 мыңдай жұмыс орны бар. Осы адамдардың жұмыс орындары сақталуы керек. Бірінші кезекте назар аударатын жобалар - кепілдікті қаржыландыратын құрылыстар. Яғни, мемлекеттік жобалар. Ағымдағы жылы біз 48 мектеп, 7 аурухана салып жатырмыз. Дегенмен әлі де мұқтаждықтар көп: апатты жағдайда тұрған мектептердің орнына 68 мектеп керек, үш ауысымда жұмыс істейтін 42 мектеп тағы бар. Сондықтан да бұл бағыттағы жобалар қомақты. Сондай-ақ жаңа перзентханалар, медициналық қосындар, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар керек. Біздің міндетіміз - осынау жобаларды жүзеге асыруға жергілікті компанияларды тарту. Оған қоса біздің алдымызда қазір жұмыстан босап жатқан адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті де тұр. Бүгінде «Оңтүстікполиметалл», «Шалқия-мырыш» сияқты кәсіпорындарда қиыншылықтар туындап отыр. Бұл өндірістер әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасына тәуелді. Ал металл нарығында әзірге тыныштық, баға тым құлдырап кетті, сондықтан да аталмыш кәсіпорындарда бүгінде өндіріс баяулаған. Олар жұмыс орындарын, жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр болып отыр. Азаматтар жұмыстарынан айрылмаулары үшін, олардың отбасыларының тұрмыстары төмендемеулері үшін біз қазір бірқатар шаралар қабылдап жатырмыз. Әрине негізгі көрсеткіштер бюджетте қамтылып отыр. Атап айтқанда әлеуметтік жағдайлары төмен, аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау мәселесіне келетін болсақ, бұл бағытқа біз 3,7 миллиардтан астам теңге қарастырып отырмыз, оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларды атаулы әлеуметтік көмекпен, жәрдемақылармен қамтамасыз ету де кіреді. Басқа да шығыстар қарастырылған. Бірақ жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын ашу да басымдықты міндеттердің бірі болып қалуда. Қазір мемлекеттік қаржыландырудың нақты мақсаттарын анықтау өте қажет-ақ. - Сонда бүгінгі күннің басты міндеті - дағдарыс кезеңінде қандай салалардың рентабельді болып қала беретінін анықтап, дәл сол салаларға басымдық беру керек деген сөз ғой.
- Дәл солай. Сондықтан да біз бастапқы бағдарламада айтылған мәселелерге өзгерістер енгіздік. Біз мәселелердің аясын кеңейте отырып, таңдаған бес бағыт бойынша Үкіметтен қосымша қаражат сұрағалы отырмыз. Оның ішінде, біз мемлекет инвестициясын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қалпына келтіруге сала алуымыз үшін, облыстың бес іргелі қаласының әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын дамыту мәселесін қолға алып отырмыз. Сондай-ақ аграрлық саланы дамыту да негізгі мәселе болып қалады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі. Бұл бағыт жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін кеңейтуге негіз болмақ. Бүгінде отандық өнімдер бірінші орынға шықты. Ал біздің алдымызға жеміс-көкөніс кластерін құру міндеті қойылып отыр. Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы өңірге жасаған сапары барысында, облыстың алдағы 4-5 жылдың ішінде бүкіл Қазақстанның нарығын жеміс-көкөніс өнімдерімен қамту мүмкіндігін қолға алуы туралы міндет қойған болатын. Дағдарыс кезінде біз сонымен бірге, шағын және орта бизнесті несиелік ресурстармен қолдауымыз керек. Бұл мақсатқа да жыл сайын шамамен 80 миллиардтай теңге қаражат қажет. Менің бұл айтып отырғаным, барлық қаржылық институттар тарапынан қажет сома. Егер олар осындай қолдау көрсетсе, біз шағын және орта бизнесті дамытуға көмектесе аламыз. Және бұл жерде қаржы институттарының жұмыс бағытын өзгертуге үлкен маңыз беру керек. Ресурстардың көпшілігі қазір сауда-саттыққа және тұтынушылық несиеге жұмсалуда. Ал біз, мемлекет қаражат салып, осылайша аталмыш инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тартуға болатындай жағдай жасағымыз келеді. Біз банктермен және кәсіпкерлермен бірлесіп әрекет ете алуымыз керек. - Яғни, әкімдік әзірлеген Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі жоспарды сіздер Үкіметтің қарауына ұсынғалы отырсыздар ғой?
- Иә, біз ұсыныстар мен оларға қатысты негіздемелерді әзірледік. Үкімет дағдарысқа қарсы іс-шаралардың аясын кеңейту мақсатында, барлық министрліктер мен әкімдіктердің бағдарламаларын тыңдағалы отыр. Себебі бүгін біз дағдарысты еңсеру жайлы ғана емес, дағдарысты және дағдарыстан кейінгі кезеңді ескеріп, экономиканы әрі қарай дамытудың бағдарламасын жасау туралы айтып отырмыз. Президенттің тапсырмасы бойынша, қазір Үкімет 2020 жылға дейінгі бағдарламаны әзірлеумен айналысуда. Алдағы онжылдыққа арналған бағдарлама аясында әрбір облыс, әрбір министрлік өз ұсыныстарын енгізеді. Біз осындай ұсыныстарды әзірлеп отырмыз, оларды наурыз айында Үкіметтің қарауына ұсынамыз. Бұл бағдарламада біз экономиканың нақты секторына басымдық жасап отырмыз. Сондықтан да халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан сияқты аймақта бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі - жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтау. - Сұхбатыңызға рахмет!