17:13, 20 Қаңтар 2011 | GMT +5
Оңтүстік Қазақстан облысының жас тұрғынын автоматпен атып өлтірген адам құрықталды
ШЫМКЕНТ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - ОҚО Ішкі істер департаментінің қызметкерлері Шымкенттің көшесінде жас жігіттің атып өлтірілуі қылмысын ашты. Оқиғаның мән-жайын бейсенбі күні өткізілген брифинг кезінде ОҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Серік Шалқаров хабарлады.

Оның айтуынша, 5 қаңтар күні полицияға қаланың дәмханаларының бірінің жанында Түлкібас ауданының 22 жастағы тұрғынының мәйіті табылғаны туралы хабар келіп түсті. Ол басына атылған оқтан қаза тапқан екен.
«Бір апта өткеннен кейін ІІД қызметкерлері Шымкенттің ойын-сауық орындарының бірінде осы адам өліміне қатысы бар Алматы облысының тұрғынын құрықтады. Ол бұрын сотты болмаған, еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды», - деді С.Шалқаров. Күдікті азамат қылмысты мойнына алды. Одан заттық айғақ ретінде 16 оғы бар «Калашников» автоматы табылып тәркіленді. Баллистикалық сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта күдікті азамат қамауға алынды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеушілер қылмыстың себептерін анықтауда.