Оңтүстік Қазақстан өңірінде 27 балық шаруашылығы құрылады
«Жобаны жүзеге асыру үшін «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» 400 млн. теңге көлемінде несие бөлмек. Жеңілдетілген пайызбен берілетін несиелер балық өсірумен айналысамын деп ниет танытқан азаматтарға бес жылдық мерзімге беріледі. Сонымен қатар, өңірде балық өсіруге арналған технологияларды шығаратын «ЮгРегионПласт» зауытының өнімдерін алуға да төмен пайызбен лизинг түрінде несие ұсынылмақ», - делінген баспасөз баянында.
Мамандардың айтуынша, жаңа технологияның көмегімен жылына 40-120 тонна аралығында балықтың дөңмаңдай, сазан, тұқы және т.б. түрлерін өсіру көзделген.. Аталмыш технология еліміздегі балық шаруашылығы саласында алғаш рет Оңтүстік Қазақстанда қолданылмақ. Бұл әдістің су тазалағыш қондырғысы бар тоғандарға қарағанда балықты бағып, өсіруге кететін шығындарды 60 пайызға дейін аз жұмсауымен ерекшеленеді. Электр қуатына да артық қаржы жұмсалмайды. Сондықтан жаңа шарбақтық технология бойынша өсірілген өнімнің өзіндік құны өте төмен болғандықтан нарыққа да арзандатылған бағада сатылмақ.