Оңтүстік Қазақстанда 2010 жылы бала мен ана өлімі төмендеді
деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, ана өлімі - 28 пайызға, бала өлімі 7 пайызға төмендеп отыр.
Облыс басшылығының пікірінше, бұл мәліметтер - босануға көмектесу, ана мен бала денсаулығын сақтау жүйесіндегі реформалардың нәтижесі. «Біздің облысымыз Қазақстанда бірінші болып акушерлік және неонатальдық көмек көрсетуді аймақтандыру тәжірибесін қолға алды. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге барлық жағдай жасалып отыр. Облысқа шетелдерден дәрігерлер бригадалары шақырылды, екі ай бойы семинарлар, сабақтар өткізілді», - деді облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев халық денсаулығына арналған кеңесте.
«Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, адам жасының ұзақтығы тек медицинаға ғана емес, салауатты өміл салтына да байланысты. Салауатты өмір салтын насихаттауға, халықты спортты баулуға бағытталған шараларды ұйымдастыруға облыс бюджетінен 184 миллион теңге бөлінді», - деді Ә.Бектаев өз сөзінде.
Әкім орынбасарының айтуынша, 2010 жылы облыста 329 спорт алаңы ашылған және бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. «2011 жылы оңтүстікқазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығы орта есеппен 69,9 жылды құрайтын болады деп күтілуде», - деді әкімнің орынбасары.