Оңтүстік Қазақстанда жылдың басынан бері үш адам қырым қанды безгегінен көз жұмды
деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінен.
Санитарлық дәрігерлердің деректері бойынша, Сарығаш ауданының тұрғыны Шымкентте қызының үйіне қонаққа келген. Ол жағдайы нашарлап, ішек инфекциясы белгілерімен инфекциялық ауруханаға түскен. Ауруханаға келгеннен 1,5 сағаттан кейін ол көз жұмған.
Оның өлімінің себебі өлікке тексеру жүргізілгеннен кейін анықталған. «Патологоанатомиялық зерттеудің нәтижесінде оның ағзасынан, нақты айтқанда бауыры мен көкбауырынан қырым қанды безгегінің вирустары табылды», - дейді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің өкілі Шора Бостанов. Оның айтуынша, науқас өзін кене қашан шаққанын есіне түсіре алмаған.
Кісі өлімімен аяқталған қырым қанды безгегін жұқтырудың бұған дейінгі екі оқиғасы да осылай өрбіген. «Ол адамдар да өздерін кененің қашан шаққанын айта алмаған. Бірақ та, біздің облыс, барлық аудандар індеттің табиғи ошағы болып табылады. Сондықтан да оларды кене шақпаған деп айта алмаймыз. Мүмкін олар назар аудармаған болар. Адам қырым қанды безгегімен аяқ астынан ауыра салмайды», - дейді Ш.Бостанов.
Маманның айтуынша, маусым басталғалы бері 9 212 кене шаққан адам дәрігерлердің алдына келген. «Бірақ, бұл олардың бәрі науқас деген сөз емес. Бірақ биыл адамдар өте секемшіл, дереу медициналық көмек сұрап келуде. Ал кене шаққанын байқамай қалғандар, дәрігерлердің алдына кеш келіп, жағдайларын ушықтырып алып отыр», - деп түсіндірді маман.
Биыл сонымен бірге, қырым қанды безгегін жұқтырған, бірақ дер кезінде дәрігерлерге көмек сұрап келген жеті адам аман қалды. Науқастармен қарым-қатынастағы барлық адамдар бақылануда. «Өкінішке орай, соңғы, үшінші оқиға бойынша ондай адамдар өте көп - 63 адам. Олардың 32-сі - медициналық қызметкерлер», - дейді Ш.Бостанов.