Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға биыл 9,6 миллиард теңге қарастырылып отыр
бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 22 пайызға көп. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков өз ведомствосының есептік мәжілісінде мәлім етті.
Өткен жыл облыс дихандары үшін табысты болды, 2009 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің көлемі 6 пайызға артты. «Суару жүйесін қалпына келтірудің және басқа да шаралардың арқасында, егістік алқаптарының ауданы 61 мың гектарға кеңейіп, 697,1 мың гектарға жетті. Нәтижесінде 40 пайызға көп өнім жиналды», деді Қ.Оспанбеков.
Оған қоса, былтыр жылыжай шаруашылықтарының ауданы 75,7 пайызға кеңейтілді. «Нәтижесінде, жоспар үш есеге артық орындалды. Биыл олардың ауданын тағы 76 гектарға кеңейту жоспарлануда», дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Тамшылатып суару жүйесі де қолға алынып отыр. 2009 жылы бұл 2,1 мың гектар алқапта қолға алынса, 2010 жылы 7,2 мың гектарға енгізілді. Ал биыл мұндай алқаптардың ауқымын тағы 11 мың гектарға кеңейту жоспарлануда.