Оңтүстік өнерпаздары астаналықтарға әннен шашу шашуда

Мәселен, 20-26 маусым аралығында өткен «Сахнадан сәлем» IV Халықаралық театр фестиваліне Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Р.Отарбаевтың «Бас» драмасымен қатысты. Ал 29 маусым күні, сағат 19.00-де Конгресс-Холл залында Оңтүстік Қазақстан облысының «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты Гала-концерті өтпек.
Мерекелік концертте Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері, облыстық опера және балет театры мен облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өнер көрсетеді. Жалпы Гала-концертке 160 өнерпаз қатысады.
Сонымен қатар, Конгресс-Холл фойесінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған өнер шеберлерінің жылжымалы көрмесі өтеді. Көрме «Нұрын шашқан - Оңтүстік фотосуреттері», «Шынай нышан, арнау», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы», «Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырлары» атты 4 бөлімнен тұрады. Көрмеге 72-ден астам Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының Оңтүстікке сапарының барысында мәдениет қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастармен кездесуінің фотосуреттері мен қаламызда бой көтерген ғимараттардың, ескерткіштердің фотосуреттері, тарихи кезеңдер бейнеленген кескіндемелік картиналар қойылады.
Сондай-ақ елордада 2-3 шілде күндері Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтсе, 2-7 шілде аралығында өтетін «Азия жаңғырығы» ІХ Халықаралық цирк өнері фестивалінде «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің әртістері қатысады деп күтілуде.
15 қыркүйекке дейін «Тәуелсіздік» сарайында заманауи суретші, қолөнер шебері Құттыбек Жақыповтың «Дала аңызы» көрмесі өтеді. Аталған, көрмеге гобелен мен текеметтен жасалған 65 туынды қойылған, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.