Оңтүстік өңір жастары солтүстік ЖОО-ларына аттанды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында жаhандық деңгейдегі дағдарыс кезінде елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші міндеттерін көрсетіп, өткен ғасырдың 60-жылдарынан кеңінен тараған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасы орнына балама ретінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынды. Мемлекет басшысының осы идеяларын негізге ала отырып Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап арнайы бағдарлама қабылдады. Бүгінгі «Мәңгілік Ел жастары - индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы осы бір бастамаға үндеу қосып, барынша жастарға қолдау көрсету болып табылады. Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бүгінгі күні бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Бүгінгі таңда мұндай мәселе 7-8 облыста туындауда. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында педагогикалық мамандықтарға 7 жоғары оқу орына (ЖОО) үшін арнайы 1050 грант, 23 колледжде білім алушылар үшін 35 мамандық бойынша 1000 грант бөлінді. Жеті жоғары оқу орнына (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне - 45, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне - 39, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне - 86, Павлодар мемлекеттік педогогикалық институтына - 93, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне - 40, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне - 58, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына - 126) Оңтүстік Қазақстан облысынан барлығы 487 жас оқуға түсті. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов жастарға ақ жол тілей отырып, оқу орнының үлгілі және белсенді студенті болып, келешекте еліміздің қарыштап дамуына сүбелі үлес қосады деген сенім білдірді, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.