Оңтүстік полицейлеріне 143 қызметтік автокөлік кілті табысталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті полиция қызметкерлеріне 143 қызметтік автокөліктің кілті тапсырылды. Көліктер облыс әкімдігі тарапынан жергілікті полицияның материалдық-техникалық жағдайын нығайтуға қаралған 2,5 млрд теңге қаржы аясында алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Оңтүстік полицейлеріне 143 қызметтік автокөлік кілті табысталды

Елбасының Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, полиция қызметкерлерінің жұмысына қажетті автокөліктердің кілтін табыстады.
null 

 «Елбасының бастамасымен құрылған жергілікті полиция қызметіне халықтың артар сенімі мол. Сондықтан Сіздер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы міндеттерді табысты жүзеге асыру керексіздер. Жергілікті атқарушы билік пен полицияға ортақ міндеттер қойылып, көптеген жобалар бірлесіп іске асырылуда. Жергілікті билікпен көрсетілген қолдау, жергілікті полиция қызметі тарапынан құқық бұзушылықты азайтып, қоғамдық және жол тәртібі мен қауіпсіздігін сақтауға оң септігін тигізетін болады деп сенемін», - деді өңір басшысы.
null 

Тәртіп сақшылары жаңа автокөліктерді азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтау мақсатында, қылмыстарды ашу, құқық бұзушыларды ұстау және облыс орталығы мен аудандарда көшелерді патрульдеу мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында пайдаланатын болады. Аталған «JAS S5» және LADA 21214-Нива» маркалы темір тұлпарлар Ұлт жоспарының 30-қадамына сәйкес беріліп отыр. Жиында мұнан бөлек, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен Ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Сержан Тұрсынбеков құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта сала қызметкерлерінің жұмыс сапасы одан әрі артатынына сенім білдірді. Сондай-ақ облыс әкімімен бірге қызметтік автокөліктерді аралап көрді. Одан соң, салтанатты шараға қатысушылар мен қонақтар жеке құрамның салтанатты шеруін тамашалады.
null 

Айта кету керек, ішкі істер саласындағы атқарылған жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда, облыста жалпы құқықбұзушылық 16 пайызға түссе, аса ауыр қылмыстар 4 пайызға, ауыр қылмыстар 15,6 пайызға кеміді. Сонымен қатар, қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар 23 пайызға төмендеп отыр.