Оңтүстік жұртшылығы Наурыз мейрамы аясындағы «Береке күнін атап өтті

Наурыз береке-бірліктің, қайырымдылықтың, кешірімнің мейрамы. Ата-бабаларымыз бұл мейрам кезінде жарлы-жақыбайға қайырымдылық жасауды да ұмытпаған. Қазақтың байлары «шүлен тарату» дәстүрін жасап, кедей-кепшікке мал-мүлік, бұйым үлестіріп, тегін ас таратқан. Бұл халқымыздың жомарттығының көрінісі саналатын дәстүр.
«Осыған орай, ОҚО облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы, Төлеби ауданындағы №2, Шымкент қаласындағы №3, Сайрам ауданындағы №4 балалар үйлері мен Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесіндегі азаматтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Оңтүстіктегі қалталы кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген мыңға жуық отбасыға қайрымдылық көмек көрсетті», делінген баспасөз баянында.
«Береке күніндегі» аталмыш шаралар ата-баба дәстүрін ұлықтап, ел бірлігін бекемдеуге септігін тигізеді. Қоғамымызда мейірім мен шапағаттың, адамгершілік пен ізгіліктің үстем болуына үндейді.