14:37, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
«Оңтүстікполиметалдың» тағдырын Үкімет шешетін болады
ШЫМКЕНТ. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Бүгін Шымкентке Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник келді. Ол Шымкент қорғасын зауытының проблемаларын шешу жөніндегі жоспарды Үкіметтің қарауына ұсынатын жұмыс тобына жетекшілік етеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Оңтүстікполиметалл» акционерлік қоғамы осыдан 1,5 ай бұрын өндірісті тоқтатып, қызметкерлерінің жартысынан астамын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Кәсіпорын басшысы Тұрсынбек Асамбаевтың айтуынша, зауыттың қоймаларында 2,3 миллион доллардың дайын өнімі жатыр. Бірақ, дағдарыстың салдарынан оларға сұраныс жоқ және оған қоса комбинат өнімінің бағасы тым құлдырап кетті. Зауыт жұмысшыларға жалақы бойынша 130 миллион теңге берешек. Ал мемлекет болса, нөлдік ставка бойынша салынатын айналым бойынша қосымша құн салығының қайтарымы бойынша «Оңтүстікполиметалға» 480 миллион теңге берешек. Жұмыс тобы екі күннің ішінде компанияның барлық кәсіпорындарын: қорғасын зауытын және оның Шымкенттегі барлық бөлімдерін, Кентау қаласындағы кен байыту комбинаты мен Ащысай кенішін аралап шықпақ. Комбинат басшылығы дағдарысқа қарсы өз бағдарламасын әзірлеп отыр және бүгінгі сапар жұмыс тобына ол жоспардың қаншалықты негізді екендігі туралы қорытынды жасауға көмектеспек. «Біздің қазіргі міндетіміз - жұмыс орындарын сақтау. Мүмкін болса, өндірісті тапсырыстармен қамтамасыз ету керек. Мүмкіндік жоқ болса, біз «Оңтүстікполиметалды» дағдарыстан алып шығудың оңтайлы жоспарын табуға тиіспіз», дейді В.Школьник.