Оңтүстікте құс фабрикасы ашылды
«Сарыағаш құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі жобаны бюджет есебінен «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы жылдық 7 пайызбен 40 млн. теңгеге қаржыландырған. Сарыағаш ауданында орналасқан нысан бүгінде 50 мыңға жуық құс өсіруде. Ферма құс өсіруге арналған арнайы торлармен жабдықталған. Сонымен қатар шаруашылық аумағында құс пен жұмыртқаны тексеруге арналған заманауй зертхана, инкубаторлық цех, құрамажем өндіру цехы орналасқан.
Жоба мақсаты - облыс жұртшылығының ас жұмыртқасына деген қажеттілігін қанағаттандыру. Мәселен «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының ауыл шаруашылығы өнімдеріне жасаған талдау мәліметтеріне жүгінсек, 2012 жылы облыс бойынша ас жұмыртқасына деген қажеттілік 372 284 дананы құраса, оның 98 755 данасын өңірдегі жұмырқа өндірушілер қамтамасыз ете алмаған. Алдағы уақыттарда «Сарыағаш құс» ЖШС өнімі тек облыс қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, жақын маңдағы өңірлер нарығына шығу да жоспарланады.