Оңтүстік Африкада қар жауып, тасқыннан жеті адам қаза тапты

АСТАНА.KAZINFORM – Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) қолайсыз ауа райы салдарынан бірнеше өңірде жолдар жабылып, электр қуаты өшті. Шығыс Кап провинциясында су тасқыны мектеп автобусын ағызып әкеткен.

Оңтүстік Африкада қар жауып, тасқыннан жеті адам қаза тапты
Фото: Africa Facts Zone X парақшасынан алынды

BBC мәліметінше, ОАР бірқатар аумағында жауған қар мен нөсер жауыннан кейін төтенше жағдай қалыптасып отыр. Табиғаттың тосын мінезінен әсіресе Шығыс Кап және Квазулу-Натал провинциялары көп зардап шекті.

Шығыс Кап өңірінде мектеп оқушыларын тасымалдап бара жатқан автобус тасқын суға ағып кеткен. Құтқарушылар әзірге үш оқушыны тірідей тапқан. Автобустағы басқа балалар туралы нақты ақпарат жоқ. Құтқару жұмыстары түнде тоқтап, таңғы уақытта қайта жалғасты.

Сондай-ақ, О. Р. Тамбо ауданында жеті адамның қаза тапқаны белгілі болды. Ал Ист-Лондон қаласы маңында құлаған ағаштан жалтармақ болған жүргізуші басқару жүйесін игере алмай, микроавтобус аударылып кеткен.

Оңтүстік Африкада қар жауып, тасқыннан жеті адам қаза тапты
Фото: Africa Facts Zone X парақшасынан алынды

Қарлы боран мен толассыз жауын салдарынан елде 500 мыңға жуық тұрғын үй жарықсыз қалған. Жолдарда қозғалыс тежеліп, жүк көліктері мен жеңіл көліктер ұзын-сонар кептелісте тұр. Квазулу-Натал мен Шығыс Кап провинцияларында күре жолдардың кей бөлігі уақытша жабылды.

Мамандардың айтуынша, маусым мен тамыз аралығында қыс мезгілі болатын Оңтүстік Африка үшін жауын мен қар таңсық құбылыс емес. Алайда соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты табиғи апаттардың жиілігі мен қарқындылығы айтарлықтай артып отыр.

Оңтүстік Африкада қар жауып, тасқыннан жеті адам қаза тапты
Фото: Africa Facts Zone X парақшасынан алынды

Еске салайық, Қазақстан Африка елдерімен байланысты күшейтуге баса мән беретінін хабарлағанбыз

Сонымен қатар, Президент Оңтүстік Африка Республикасын Бостандық күнімен құттықтағанын жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар