Оңтүстік Африкада өткен G20 саммитінде қандай мәселелер талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM – «Жиырмалық топтың» саммиті 22-23 қараша күндері ОАР-дың Йоханнесбург қаласында «Ынтымақ, теңдік және тұрақты даму» ұранымен өтті, деп хабарлайды Anadolu.

Саммит G20 завершился в ЮАР
Фото: Anadolu Ajansi

Лидерлер жаһандық экономикалық өндірістің 85%-ын, әлемдік сауданың 75%-ын және Жер тұрғындарының үштен екісін қамтитын G20 елдерінің болашағын айқындайтын реформаларды талқылау үшін үш сессиядан тұратын кездесу өткізді.

Бірінші сессияда жаһандық қаржы және экономикалық жүйені нығайту, әлемдік рецессия мен протекционизмнің алдын алу, сондай-ақ тұрақты өсімге көшу мәселелері қаралды.

Екінші сессияда апат қаупін азайту, климаттың өзгеруімен күрес, әділетті энергетикалық өтпелі кезеңді қамтамасыз ету және азық-түлік жүйелерін күшейту тақырыптары талқыланды. Сессия аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары бейресми кешкі ас кезінде пікір алмасты.

Үшінші сессия әлемдік экономика үшін аса маңызды минералдарды өндіру және саудалау, сондай-ақ жасанды интеллектіні реттеу мәселелеріне арналды.

Саммитке Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Германия Канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер, Бразилия Президенті Лула да Силва, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони, Жапония Премьер-министрі Такаити Санаэ, Канада Премьер-министрі Марк Карни, Австралия Премьер-министрі Энтони Альбанезе, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта, Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты.

Йоханнесбург саммитінің маңызды нәтижелерінің бірі – АҚШ-тың қарсылығына қарамастан, G20 көшбасшыларының қорытынды коммюнике қабылдауы болды.

АҚШ Президенті Дональд Трамп саммитке қатысудан бас тартып, мұны Оңтүстік Африкада «ақ нәсілге қатысты кемсітушілік» жасалуымен түсіндірді.

Қорытынды құжатта қарулы қақтығыстарды тоқтату қажеттілігі, климатпен күрес шараларын қаржыландыруды арттыру және Африканың даму басымдықтарын жаһандық күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығару қажеттілігі атап өтілді.

Палестина мәселесі алғаш рет өзге қақтығыстармен бір қатарда көрсетілді. Сондай-ақ G20 Париж келісімінің мақсаттарын растады және дамушы елдерге климат бағытындағы күш-жігерін қолдау үшін триллиондаған доллар инвестиция қажет екенін мәлімдеді.

«Жиырмалық топ» – 19 ел мен екі өңірлік ұйымды (Еуропалық одақ және Африка одағы) біріктіретін форум. G20 құрамына Аргентина, Австралия, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Канада, Қытай, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Франция, ОАР, Оңтүстік Корея, Жапония, сондай-ақ ЕО мен Африка одағы кіреді.

Материал Anadolu агенттігі тарапынан Kazinform үшін арнайы ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін Йоханнесбургте ОАР Президенті Сирил Рамафоса төрағалығымен G20 саммитінің басталғаны хабарланған еді. Сонымен қатар G20 елдері миллиардерлерінің табысы бір жылда $2,2 трлн-ға артқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар