Оңтүстік Корея демографиялық дағдарыс алдында тұр – жаңа зерттеу
АСТАНА.KAZINFORM — Егер елдегі демографиялық құлдырау өзгеріссіз жалғаса берсе, 2125 жылға қарай Оңтүстік Корея халқы қазіргі деңгейінің небары 15%-ына дейін азаюы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігі The Korea Herald басылымына сілтеме жасап.

Жекеменшік зерттеу орталығы — Korean Peninsula Population Institute for Future ұсынған ең нашар сценарийге сәйкес, Оңтүстік Корея халқының саны 2125 жылға дейін 7,53 миллион адамға азайып кету қаупі тұр. Бұл қазіргі 51,68 миллион адаммен салыстырғанда өте үлкен көрсеткіш. Қазір Сеулде 9,3 миллионнан астам адам тұрады.
Ең оңтайлы болжам бойынша да, халық саны 15,73 миллион адамға дейін төмендейді — бұл қазіргі көрсеткіштің үштен бірінен аз.
Болжамға сай 75 жылдан кейін еңбекке жарамды 100 адамға (15-тен 64 жасқа дейін) 65 жастан асқан 140 қарт адам келетін болады.
Қоғамдық көңіл-күй де зерттелді
Есепте сонымен қатар 20-40 жас аралығындағы адамдардың неке мен бала туу мәселелеріне қатысты пікірлері зерттелді. Бұл талдау Blind қосымшасындағы шамамен 60 000 жарияланым негізінде жасалған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, қазіргі жастар үшін некеге тұрудағы басты факторлар — «ақша» мен «тұрғын үй», ал «махаббат» кейінгі орынға ығыстырылған.
Сондай-ақ, қаржылық қиындықтар — бала туу туралы шешім қабылдауда ең жиі аталатын себеп.
Баяндамада жастардың отбасын құру және бала сүю туралы шешімдері жеке қалауы емес, көбіне экономикалық жағдайлармен байланысты екені айтылған.
Ұсынылған шешімдер:
Институт демографиялық дағдарыспен күресу үшін бірқатар шаралар ұсынды:
• Бала туу мен тәрбиелеу шығындарын азайту үшін мемлекеттік қолдауды арттыру
• Жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру
• Зейнеткерлік жасты көтеру
• Қарт адамдардың үздіксіз жұмыспен қамтылуын қолдау
• Иммиграциялық саясатты реформалау
Бұл болжамдар Оңтүстік Кореядағы демографиялық дағдарыстың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Ел қазір әлемдегі ең төмен туу көрсеткіштерімен және халықтың жылдам қартаюымен бетпе-бет келіп отыр.
Айта кетейік, 2024 жылы Оңтүстік Кореяда 242 334 сәби дүниеге келген, бұл 2015 жылдан бергі алғашқы жылдық өсім болды.
Айта кетейік, Оңтүстік Кореяға келген туристер саны биыл 20 миллионнан асқан.