Оңтүстік Корея Қытайдан келетін туристер үшін уақытша визасыз режим енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея 2025 жылдың 29 қыркүйегінен 2026 жылдың маусымына дейін Қытайдан келетін туристік топтарға визасыз кіруді қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара Азия-Тынық мұхиты саммиті (АТЭС) қарсаңында шетелдік туристер ағынын арттыру мақсатында қолға алынды, деп хабарлайды Kazinform Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Корея Республикасының Туризм министрлігі Қытайда қазан айының басында демалыс кезеңі басталғанға дейін визасыз режимді енгізу туралы шешім шетелдік туристер ағыны қалпына келген кезде экономиканы ынталандыруға бағытталғанын айтты.
Бұл туралы Оңтүстік Кореяда қазанның 31-і мен қарашаның 1-і аралығында Кёнджу қаласында өтетін APEC халықаралық форумы қарсаңында туризм саласын қолдау жөніндегі кеңестен кейін хабарланды.
Визасыз кіру туралы жаңалықтардың аясында оңтүстіккореялық әмбебап дүкендердің, казинолардың, қонақүйлердің және косметика өндірушілерінің акциялары өсті. Атап айтар болсақ, Hyundai әмбебап дүкені 7,1%-ға, Hotel Shilla 4,8%-ға, казино операторы Paradise 2,9%-ға және косметика өндірушісі Hankook Cosmetics 9,9%-ға өсті.
Еске салайық, визасыз кіру ұсынысы алғаш рет наурыз айында Қытай 2024 жылдың қарашасында Оңтүстік Корея азаматтары мен басқа да бірқатар елдің туристерін визадан босатқаннан кейін жарияланған болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік Кореяға келген туристер саны биыл 20 миллионнан асады деп күтіліп отыр.