Оңтүстік Корея өзбекстандық еңбек мигранттарына шектеу қоймайды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Әлеуметтік желіде Оңтүстік Корея өзбекстандық еңбек мигранттарына шектеу енгізгені жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ӨзА-ға сілтеме жасап.

Осы мәселенің анық-қанығын анықтау мақсатында Өзбекстан Республикасы Сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жамолиддин Каландаров мынаны айтты.
- Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореядағы экономикалық өзгерістерге байланысты отандастарымыздың жұмыстан себепсіз кетіп қалу фактілері көптеп тіркелуде. Өкінішке қарай бір адамның қателігі көптеген адамға теріс әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде еңбек мигранттарына бөлінетін квоталар азаяды, - деді ол.
Анықтама үшін айта кетейік, қазір Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген Өзбекстан азаматтарының саны 9,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 10 пайызға жетсе, ел Өзбекстанмен миграциялық қарым-қатынасын қайта қарауы мүмкін.
Расында да 2024 жылы 3 080 Өзбекстан азаматы Оңтүстік Кореяға E-9 визасымен жұмыс істеуге жіберілген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз.
Бұл жағдай тек өзбекстандықтарға қатысты емес, басқа елдерден келгендер үшін де осындай шаралар қолға алынып жатқаны атап өтілді. Мәселен Непалдың бұл елге жіберген мигранттар саны бір жылда 19 758 адамнан 7 081 адамға дейін азайған.
Айта кетейік, жалғасып жатқан экономикалық дағдарысқа байланысты Кореяда көптеген компания өзін банкрот деп жариялап жатыр. Осыған сүйене отырып, агенттік мамандары аталған елде жұмыс істейтін өзбекстандықтарды еңбек тәртібін сақтауға, келісімшартта көрсетілген талаптарды толық орындауға, заңды бұзбауға шақырады.
Қазіргі уақытта ұйым ілгерілетіп жатқан дағдылар мен тұрақтылық бағдарламалары жоғарыда аталған мәселелерді шешуге бағытталған.
Өйткені бұл саладағы болашақ қарым-қатынастар үшін өте маңызды.
Еске сала кетейік, биыл Өзбекстанда 200 мың азамат шетелге жұмысқа жіберілуі мүмкін.