Оңтүстік Корея парламенті ел президентін тергеу үшін арнайы прокурор тағайындауды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльға қатысты айыптауларды тексеру үшін арнайы прокурор тағайындау туралы заң жобасын қабылдады.

Оңтүстік Корея
Фото: Yonhap

Сондай-ақ президент мемлекетке опасыздық жасады және билігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген және елден шығуға тыйым салынған.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы (парламент) әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты президент Юн Сок Ёльға қатысты тергеу жүргізу үшін тұрақты арнайы прокурор тағайындау туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Yonhap.

Бастаманы 210 депутат қолдаса, 63-і қарсы шықты, 14-і қалыс қалды.

Заң жобасында бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён мен армия штабының бастығы генерал Пак Ан Сонның да аты аталған. Премьер-министр Хан Док Су мен қарсы барлау басшысы Ё Ин Хён де тергелушілер тізімде.

Бұған қоса, парламент Юн Сок Ёль мен тағы жеті шенеунікті дереу қамауға алуды талап ететін қаулы қабылдады. Оған 191 депутат дауыс берсе, 94-і қарсы болса, үшеуі қалыс қалды.

Оппозициялық Тобуро демократиялық партиясы да әділет министрі Пак Сон Чжэ мен Ұлттық полиция агенттігінің басшысы Чо Джи Хоға қарсы импичмент процедурасын бастау жоспарын жариялады. Ұсыныс сенбі күні дауысқа салынады.

Айта кетейік, Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұраған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар