Оңтүстік Корея соты экс-бірінші ханымды қамауға алуға санкция берді
АСТАНА. KAZINFORM – Сеулдің Орталық округтік соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хиді сыбайлас жемқорлық күдігімен қамауға алуға шешім қабылдады, деп хабарлайды ТАСС.

Арнайы прокурор тобының мәліметінше, оған қымбат сыйлықтар алу арқылы парақорлық, Deutsch Motors автокөлік дилерінің бағалы қағаздарымен алаяқтық жасау және депутаттыққа кандидаттарды іріктеу процесіне араласу бойынша айыптар тағылып отыр.
Бұрынғы президенттің жарына қатысты қамауға алу ордері ел тарихында алғаш рет берілді. Оның жұбайы, экс-президент Юн Сок Ёль, 10 шілдеден бері тергеу изоляторында қамауда отыр.
Арнайы прокурорлар Ким Гон Хиді қамауға алу туралы өтінішті дәлелдегенде айғақтарды жою қаупін алға тартты. Ал оның қорғаушылары айыпталушының кінәсін мойындамағанын және денсаулық жағдайының нашар екенін айтты. Сейсенбіде өткен тыңдаулар шамамен төрт сағатқа созылып, шешімді Ким Гон Хи Сеулдің тергеу изоляторында күткен.
Прокуратура бастапқыда оны жұбайы қамауда отырған Сеул тергеу изоляторына орналастыруды ұсынған, алайда мекеме әкімшілігі экс-президенттің жұбайын басқа изоляторға жіберуді сұраған.
Ким Гон Хиге барлығы 16 бап бойынша айып тағылып отыр. Бұған Deutsch Motors бағалы қағаздарымен алаяқтық, қымбат сыйлықтар түріндегі парақорлық және сайлау процесіне араласу күдігі кіреді.
Еске сала кетейік, Оңтүстік Кореяның экс-президенті қамауда қала беретіні туралы жазған едік.