Оңтүстік Корея үкіметі халыққа 110 доллардан таратады

АСТАНА. KAZINFORM — Корея Республикасының үкіметі ішкі сұранысты қолдау бағдарламасы аясында елдің барлық азаматына 150 000 воннан (110 доллар) төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Korea Herald хабарлады. 

Оңтүстік Корея үкіметі халыққа 110 доллардан таратады
Фото: koreaherald.com

«Тұтынушы куәлігін» 21 шілдеден 12 қыркүйекке дейін алуға болады. Купондар 30 қарашаға дейін жарамды. 18 маусымдағы жағдай бойынша Корея Республикасында тұратын барлық азамат (шамамен 50 миллион адам) төлемді ала алады.

Оның мөлшері алушының әлеуметтік жағдайына байланысты өзгереді. Аз қамтылған азаматтар мен толық емес отбасылар бір адамға 300 000 вон (220 доллар) алады. Арнайы бағдарлама бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтар 400 000 вон (293 доллар) алады. Ауылдық жерлердің тұрғындары қосымша 30 000 вон (22 доллар), ал ерекше мәртебесі бар 84 муниципалитеттің тұрғындары қосымша 50 000 вон (36 доллар) алады.

Төлемдерді өтініш берушілердің несиелік және дебеттік карталары, белгіленген шегі бар дебеттік карталары немесе сыйлық сертификаттары арқылы жасауға болады. Дегенмен, қаражатты азаматтар тек өздері тұратын ауданда жұмсай алады. 

Yonhap ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тұрақты тұруға рұқсаты барлар, корей азаматтарының жұбайлары немесе босқындардан басқа шетелдіктер ешқандай төлем алмайды.
Сондай-ақ 22 қыркүйек пен 31 қазан аралығында 100 000 вон көлеміндегі төлемдердің екінші кезеңі жоспарлануда, ол ең жоғары табысы бар халықтың 10 пайызын қоспағанда, азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болады.

Еске сала кетейік, зерттеулерге қарағанда, Оңтүстік Корея демографиялық дағдарыс алдында тұр.

Соңғы жаңалықтар