Оңтүстік Кореяда 15 қаржы компаниясына 1,2 млрд доллар айыппұл салынбақ
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяда 15 банк пен қаржы компаниясына мемлекеттік облигациялар саудасында өзара сөз байласқаны үшін жалпы сомасы 1,62 трлн вон (шамамен 1,2 млрд доллар) айыппұл салынады. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Әділ сауда комиссиясының мәліметінше, 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы маусымға дейін компаниялар мемлекеттік облигацияларды қандай бағамен және қандай көлемде сатып алуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат алмасып келген.
Заң бұзушылықтар 150 аукцион барысында анықталған. Соның 145-інде қатысушылар бір-бірімен бәсекелесудің орнына, өтінім шарттарын алдын ала келісіп алған.
Мұндай келісімдердің салдарынан мемлекет қарыз қаражатын жоғары пайызбен тартуға мәжбүр болған. Бұл бюджет шығынын арттырып келді.
Салынатын айыппұлдардың жалпы көлемі Оңтүстік Кореяның монополияға қарсы органының тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Ең ірі айыппұл KB Securities компаниясына салынды. Ол 332,1 млрд вон төлеуге тиіс. Ал NH Investment & Securities компаниясына 242,7 млрд вон айыппұл белгіленген.
Бұдан бөлек, 7 компанияға қатысты материалдар қосымша тергеу жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяда Google мен Apple-ға 47,6 млн доллар айыппұл салынды.