Оңтүстік Кореяда 470 мыңнан астам дерек желіге тарап кетті: банктерге тексеріс басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бір айда Оңтүстік Корея банктерінің, сақтандырушы компанияларының және инвестициялық компаниялардың деректері желіге тарады, қаржы ұйымдары жалпы 40 мәрте осындай қиындыққа тап болған. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Оңтүстік Кореяда 470 мыңнан астам дерек желіге тарап кетті: банктерге тексеріс басталды
Фото: Pixabay.com

Қаржы қызметтері жөніндегі комиссияның (FSC) мәліметінше, деректің тарағаны алғаш рет 30 қыркүйекте анықталған. Зардап шеккен ұйымдардың қатарында төрт коммерциялық банк, бес инвестициялық фирма, үш сақтандыру компаниясы және бес жинақ банкі бар. Жалпы алғанда, жеке деректерді қамтитын 470 000-нан астам жазба жария болған.

Комиссия тарап кеткен деректердің құрамында заңсыз қаржылық операцияларды жүзеге асыруға пайдалануға болатындай маңызды ақпараттардың (мысалы, клиенттердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірлері немесе банк шоттарының нөмірлері) жоқ екенін нақтылады.

Ұрланған қаражат көлемі шамамен 1 миллиард вонға (745 000 АҚШ доллары) бағаланып отыр. Бұл қаражат бірнеше шағын брокерлік, сақтандыру және онлайн қаржы фирмаларынан алынған, ал олардың клиенттеріне тиесілі қаражатқа ешқандай зиян келмегені айтылды.

Қараша айының соңына дейін FSC 580 қаржы компаниясында қауіпсіздік аудитін жүргізіп, олардың ішкі қауіпсіздікті бақылау жүйелерін тексереді.

Бұл жағдайды талқылау үшін Комиссия қаржы саласы қауымдастықтарының өкілдерімен, Қаржылық қадағалау қызметі, Қаржылық қауіпсіздік институты секілді мемлекеттік мекемелермен арнайы жиын өткізді. Қатысушылар деректерді қорғау жүйелерін және қаржы секторында жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану мүмкіндіктерін қарастырды. 

— Біз белгілі бір қауіпсіздік тәуекелдеріне немқұрайлы қарау, басқарушылық міндеттерді орындамау, тексерулерді формальды түрде жүргізу немесе салғырттық таныту салдарынан орын алған оқиғаларға немесе зиянның ұлғаюына әкелетін әрекеттерге жол бермейміз, — деп мәлімдеді FSC төрағасы Ли Ок Вон.

Оның айтуынша, басқарудағы елеулі кемшіліктер немесе салғырттық үшін компания басшылығы, соның ішінде бас директор да заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылады.
Бұған дейін Оңтүстік Корея полициясы президент Ли Чжэ Мён, оның жұбайы, министрлер, жолаушылар, жалпы 168 адамның жеке дерегінің интернетке тарап кетуіне қатысты алдын ала тергеу бастағанын хабарлаған едік.