Оңтүстік Кореяда АЭС қалай жұмыс істейді

АЭС салу
Фото: KHNP

ПУСАН. KAZINORM – Қазақстан журналистері мен блогерлері Оңтүстік Кореяның Сеул атом электр стансасының жұмысымен танысты.

Екі реактор – бір станса

Бүгінде Оңтүстік Корея аумағында жұмыс істеп тұрған 26 реактор елге қажетті электр энергиясының 30 пайызын беріп отыр. Халықаралық стандартқа сәйкес, корейліктер 2 реакторды (APR-1400 – Корей электр энергетикалық корпорациясы (KEPCO) әзірлеген су-сулы реактор. Ол үшінші буын реакторы саналады және оңтүстіккореялық KHNP мен KEPCO компаниялары әзірлеген қуаты 1 000 МВттық екі контурлы OPR-1000 ядролық реакторының жаңартылған түрі) 1 атом электр стансасы деп санайды. Солардың бір шоғыры Пусан қаласынан 25 шақырым жерде, Тынық мұхитының Азия тұсындағы Сары теңіз жағалауындағы Киджан қалашығында салынған. Біз барған Сеул штаб-пәтеріне қарасты 4 реактордың бүгінде 2016 жылы салынған Сеул-1 және 2019 жылы пайдалануға берілген Сеул-2 реакторлары жұмыс істеп тұр. Сеул-3, Сеул-4 реакторлары салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына бірнеше ондаған компания тартылған. Бір тәулікте екі нысанның аумағында 3 600 адам еңбек етеді. Сеул-3 реакторы биыл, ал соңғыcы 2025 жылдың қазан айында іске қосылады деп жоспарланған. Жалпы екі нысанның да құрылыс жұмыстары 91,5 пайызға аяқталып отыр.

2017 жылға дейін реактордың жұмысы Шин-Кори атом электр стансасының штаб-пәтері арқылы басқарылып келген. Сеул штаб-пәтері сол жылдың сәуірінде ғана бөлініп, реакторлар алаңына келіп қоныстанған. Штаб-пәтердің реакторларды қоса алғандағы қоныстанған аумағы – 2 шаршы шақырым.

Бүгінде Сеул атом электр стансасы Пусан қаласын - 104, ал Ульсан қаласын 68 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар осы жергілікті жерлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік әлеуетін арттыру ісінен де тыс қалмайды. Мәселен, 2017 жылдан бері Сеул штаб-пәтері өңірге 486,5 млрд вон (теңгеге шаққанда 162,1 млрд теңге шамасында) инвестиция құйып, 210,4 млрд вон салық төлеген. Мұнан бөлек, жыл сайын өңірдегі жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге 84 млн вон қаражат бөліп келеді.

Реактор орналасқан ғимарат беріктігі

Оңтүстік Кореяда атом электр стансасы 4 бөліктен тұрады десек болады: реактор ғимараты, ядролық қалдық қоймасы, трубина ғимараты және басқару алаңы. Ал реактор орналасатын ғимарат күмбез түрінде салынады. Сырттай қараған кезде Астанадағы Ұлттық мұрағаттың күмбезді бөлігін көз алдыңызға әкеледі. Алдымен ғимарат салынатын алаңның табанына гранит тасы төселіп, үстіне бетон құйылады. Күмбез биіктігі – 72 метр. Бұл 24 қабатты үйдің биіктігімен пара-пар. Диаметрі – 54 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр 37 сантиметр. Қабырғаны айналдыра диаметрі 57 мм арматура жіберіліп, күмбезді бойлай жоғары-төмен 6 мм бірнеше ондаған арматурадан өрілген қосымша жуан темір арқан салынады. Содан кейін бетон құйылады. Мұндай қалыңдықтағы әрі көптеген арматурамен құйылған қабырға тосыннан реакторда апат болған жағдайда радиацияның сыртқа таралуына жол бермейді. Сырттан ұшақ соғылса да, зеңбірекпен атқыласа да былқ етпейді. 900 мың тонналық соққыға төтеп береді.

Ядролық қалдықтар қоймасы

Реактор электр энергиясын өндіру үшін ішінде 900 мыңға жуық ядролық отын салынған капсула қолданылады. Капсула – табанының барлық қабырғасы 20 см болатын, ұзындығы 4 метр болатын және ұзынынан әр қабырғасына 16 темір өзекше жіберілген құрылғы. Мұндай бір құрылғының салмағы – 640 келі. Реакторға осындай 241 дана капсула бірден салынады және 1,5 жылдан кейін оның 10-ы ауыстырылып отырады. Осы капсулаларды алмастыру үшін реактор жұмысы 7-10 күнге уақытша тоқтатылады. Айта кетерлігі, баланың саусағындай ғана болатын кішкентай бір ядролық отын 15 тонна көмірдің электр энергиясын беруге қауқарлы.

Реактор орналасқан алаңның төменгі қабатында қуаты сарқылған капсулаларды сақтауға арналған қойма бар. Қойма – ені шамамен 10, ал ұзындығы 15 метр болатын бассейн. Бассейн 100 пайыздық бор қышқылына толтырылған. Сеул-1 реакторының астындағы осындай бассейнде 200 дана капсула сақталып тұр. Сақтау мерзімі – 20 жыл. Осы мерзімде бассейн толып кетсе, онда басқа қоймаға ауыстырылады. Ядролық отынның қуаты сарқылып, жарамсыз күйге түссе де жылу бөлуін жалғастыра береді. Мәселен, 200 дана капсула салынған бассейндегі бор қышқылының жылуы – 30 градус. Ал бассейнде таза су болса, онда оның қызуы мұнан әлде қайда жоғары болмақ, яғни капсула радиация бөлуін жалғастыра береді. Сондықтан, оңтүстіккорейліктер ядролық отын қалдықтарын жерге көму сынды шараны қарастырып та отырған жоқ.

Бу генераторы және турбина

Сеул атом электр стансасы реакторды салқындату үшін Сары теңізден секундына 50 тонна су алып отыр. Осы суды реактор 324 градусқа дейін ысытып, оны құбыр арқылы бу генераторына айдайды. Бу генаторында су 240 градусқа дейін төмендетіліп, жоғары қысым турбинасына жетеді. Сөйтіп, ротор бойындағы қалақшаларды айналдыру арқылы электр энергиясын өндіреді. Турбинадағы қысым – 158 бар (қысым өлшем бірлігі). Қалақшалар бір минуттың ішінде 1 800 айналым жасап, 24 мың вольттық электр энергиясын тудырады. Жоғары қысым турбинасында су 10-40 градусқа дейін салқындайды. Ал теңізге қайта құйылатын кезде судың температурасы шамамен 7-8 градус болады. Жалпы, бұл реакторларда қолданылатын судың буланып, ауаға таралуы 0 пайызға тең. Теңізге құйылатын су радиацияға да ұшырамайды. Өйткені, реакторды салқындататын су мен теңізден алынған су бір-бірімен араласпайды, яғни тұйық цикл технологиясы қолданылған.

Басқару алаңы

Реактор жұмысын бақылау қабырғаға жағалай орнатылған экрандар, үстел үстіндегі мониторлар, түрлі басқару құралдары арқылы жүзеге асырылады. Дәл осы алаңда бір ауысымда 10 адамнан қызмет етеді. Сонда бір тәулікте 3 ауысыммен 30 адам еңбек етеді. Негізінде жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Сондықтан да көзге көп адам іліге бермейді. Жалпы, Сеул-1 мен Сеул-2 реакторларында 2 244 адам жұмыс істейді. Оның 1 246-сі Корей гидроэнергетика және атом энергетикасы (KHNP) компаниясының, ал қалған 998-і – өзге мекемелердің қызметкерлері. Ерекше қадағалауға алынған нысан болғаннан кейін мұнда жұмыс істейтін мамандарға зор талап қойылған. Үнемі тексеруден өтіп тұрады.

Бұған дейін Қазақстанның бір топ журналисі мен блогері Оңтүстік Корея елінің атом электр стансасы жұмысымен танысу үшін сапарда жүргенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар