Оңтүстік Кореяда ата-анасын өлтіргендерге қатаң жаза сақталды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты ата-анасын және ата-тегіндегі басқа да туыстарын өлтіргені үшін қатаң жаза тағайындауды көздейтін норманы Конституцияға қайшы емес деп таныды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Agenzia Nova-ға сілтеме жасап.
Шешім 22 қазанда сегіз судьяның қолдап, бір судьяның қарсы дауыс беруімен қабылданды. Сот Қылмыстық кодекстің 250-бабының 2-бөлігін қарастырды. Бұл норма жұбайының ата-анасын және ата-тегіндегі басқа да туыстарын өлтіру жағдайларына да қолданылады.
Заңда өлім жазасы, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе кемінде жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал кісі өлтірудің жалпы жағдайында ең төменгі жаза мерзімі — бес жыл.
Соттың пікірінше, ата-анасын немесе ата-тегіндегі басқа да туыстарын өлтіргендерге қатаң жаза тағайындау мұндай қылмыстың қоғам тарапынан ерекше айыпталуымен байланысты болып отыр. Судьялар заң шығарушының ата-ана мен ұрпақ арасындағы адамгершілік құндылықтарды қорғау мақсатын орынды деп тапты. Сондай-ақ мұндай қылмыс ата-ана мен бала арасындағы ерекше байланысты бұзып, отбасының негізіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Қарсы дауыс берген жалғыз судья Ма Ын Хёк болды. Оның пікірінше, заңда мұндай қылмыстардың жасалу себептері мен мән-жайлары толық ескерілмеген. Кейбір адамдар туысын пайдакүнемдік мақсатпен өлтірсе, енді біреулер мұндай қадамға жылдар бойы көрген зорлық-зомбылық пен қатыгездікке шыдамай, ашу-ызаға бой алдыруы мүмкін. Сондықтан судья туысын өлтірген адамның кінәсі басқа кісі өлтіру қылмысын жасаған адамның кінәсінен міндетті түрде ауыр деп айтуға болмайтынын атап өтті.
Судьяның айтуынша, сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, жеті жылдық ең төменгі мерзімді екі есе қысқартқан күннің өзінде, сотталушы үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылады. Сондықтан жазаны жеңілдетуге мүмкіндік беретін басқа негіздер болмаса, шартты жаза тағайындау мүмкін емес.
Соттың қарауына ауыр науқас әкесін өлтіргені үшін сотталған адамның конституциялық шағымы себеп болды. 2021 жылы ол әкесіне күтім жасап, ем-домына кететін шығындарды төлеу кезінде қиындықтарға тап болған. Ақырында әкесіне тамақ пен су беруді тоқтатып, соның салдарынан әкесі қайтыс болған.
Ол әкесін өлтіргені үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімге шағымданған кезде Жоғарғы соттан істі Конституциялық соттың қарауына жіберуді сұрады. Алайда өтініші қанағаттандырылмай, үкім өзгеріссіз қалды. 2022 жылғы мамырда ол Конституциялық сотқа шағым түсірді.
Конституциялық сот бұл норманы бұған дейін де, 2013 жылғы шілдеде, Конституцияға қайшы емес деп таныған. Ол кезде шешімді жеті судья қолдап, екеуі қарсы дауыс берген.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён полиция жұмысындағы кемшіліктерді жойып, полиция тергеулерін тексеретін тәуелсіз жүйе құру қажет екенін айтқан еді.