Оңтүстік Кореяда биылғы ең күшті жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 17 қарашада Оңтүстік Кореяның оңтүстік-шығысында магнитудасы 3,6 болатын жер сілкінісі тіркелді. Бұл – елде жыл басынан бері болған ең күшті жер сілкінісі, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.
Корея метеорологиялық басқармасының мәліметінше, жерасты дүмпулері жергілікті уақыт бойынша сағат 23:10 шамасында Солтүстік Кёнсан провинциясында болған.
Жер сілкінісінің эпицентрі Санчжу қаласының орталығынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 22 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 20 шақырым тереңдікте тіркелді.
Бастапқыда сейсмологтар жер сілкінісінің магнитудасын 3,7 деп бағалаған. Алайда қосымша талдаудан кейін көрсеткіш 3,6-ға дейін төмендетілді.
Бұл – осы жылдың басынан бері Корей түбегі мен оған іргелес акваторияларда тіркелген 58 жер сілкінісінің ішіндегі ең күштісі.
Өңірде магнитудасы 3,5-тен жоғары алдыңғы жер сілкінісі шамамен бір жарым жыл бұрын, өткен жылғы 5 мамырда болған. Ол кезде Оңтүстік Чхунчхон провинциясындағы Тэан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 52 шақырым жерде теңізде магнитудасы 3,7 болатын жерасты дүмпулері тіркелген.
Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 17 қарашада Тәжікстан мен Ауғанстан шекаралас аймағында магнитудасы 4,2 болатын жер сілкінісі болғаны хабарланды.