Оңтүстік Кореяда билеуші партияның жетекшісі президентті орнынан алу қажеттігін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – «Халық күші» партиясының (PPP) өкілі Хан Дон Хун егер Юн Сок Ёль билікте қалса әскери жағдайды жариялау тәрізді «радикалды» әрекеттерге тағы баруы мүмкін екенін мәлімдеді,  деп хабарлайды Yonhap ақпарат агенттігі.

Оңтүстік Кореяда билеуші партияның жетекшісі президентті орнынан алу қажеттігін мәлімдеді
Фото: wikipedia

Жұма күні билеуші партияның жетекшісі президент Юн Сок Ёльді мүмкіндігінше тезірек қызметінен босату керектігін мәлімдеп, Юн әскери жағдай енгізу әрекеті кезінде негізгі саясаткерлерді «мемлекетке қарсы» әрекет жасады деп айыптап, тұтқынға алуға бұйрық бергенін, тіпті оларды тұтқындау үшін барлау қызметін жұмылдырғанын атап өтті.

- Жаңадан ашылған фактілерді ескере отырып, мен президент Юн Сок Ёльді Корея Республикасы мен оның халқын қорғау міндетінен дереу босату керек деп санаймын, - деді Хан.

Ол егер Юн президент қызметін жалғастыра берсе, елге «ауыр қауіп» төндіретін мұндай «радикалды әрекеттер» қайталануы мүмкін деп қатты алаңдаушылық білдірді.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяда төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Алайда парламент оны жоюға дауыс берді.

Кореядағы қазақстандықтар бұқаралық шараларға қатысудан бас тартуға шақырылды.

3 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда президент Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізілгенін жариялады. 

Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Ким Ён Хён сәрсенбі күні президент Юн Сок Ёлдің әскери жағдай енгізу әрекетіне алаңдаушылық туғызғаны үшін кешірім сұрап, отставкаға кетуді ұсынды.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль Қорғаныс министрі Ким Ён Хеннің отставкасын қабылдады.

Бұл бір жағынан бұл елдегі демократиялық институттардың күштілігін көрсетеді. Аталған елдегі жағдайдың себебін Kazinform агенттігінің халықаралық бақылаушысы зерттеді. 

Соңғы жаңалықтар