Оңтүстік Кореяда бірінші сыныпқа баратын балалар саны тарихи ең төменгі деңгейге түспек
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы Оңтүстік Кореяның бастауыш мектептеріне баратын балалардың саны алғаш рет 300 мыңнан төмен болуы мүмкін, деп хабарлайды The Korea Times.
Биыл Оңтүстік Кореяда бастауыш мектептің бірінші сыныбына 301 442 бала қабылданды. Бұл – 1964 жылы тиісті статистика жүргізіле бастағалы бергі ең төменгі көрсеткіш.
Корей статистикалық ақпарат қызметі (KOSIS) мен Корей білім беруді дамыту институтының (KEDI) мәліметінше, келесі оқу жылында бірінші сыныпқа баратын балалар саны күрт азаяды. Олар – 2020 жылы дүниеге келген балалар. Сол жылы Оңтүстік Кореяда 272 337 сәби туған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10 пайыз аз.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 1968 жылы бастауыш мектептің бірінші сыныбына шамамен 1 миллион бала қабылданған. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш төрт есе аз болады деп болжанып отыр.
Сондай-ақ мектеп жасындағы балалар санының қысқаруы, әсіресе ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарының жабылу қаупін күшейтіп, өңірлер арасындағы білім сапасы алшақтығының ұлғаюына алаңдаушылық туғызды.
Бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны 2030 жылға дейін төмендей береді деп болжанып отыр. Алайда көрсеткіш 200 мыңнан төмендемейді. Туу деңгейінің қайта өсуі бұл үрдісті біршама бәсеңдетуі мүмкін.
Бұған дейін Еуропада туу көрсеткіші тарихи ең төменгі деңгейге түскені хабарланған болатын.