Оңтүстік Кореяда метро қызметкерлері қатарынан екінші күн ереуілге шықты
Сеулдегі қалалық метро жүйесінің операторы Seoul Metro компанияның штатты қысқарту жоспарына наразылық ретінде бейсенбі күні екі күндік ескерту ереуілін бастады. Каzinform бұл туралы Korea Herald басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Seoul Metro кәсіподағы наразылық шарасын бейсенбі күні таңғы сағат 9-дан бастады. Ереуіл жұма күні кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасын тапты.
Seoul Metro тапшылық мәселесін шешу үшін 2026 жылға қарай жалпы жұмыс күшін 2 212 қызметкерге немесе 13,5%-ға қысқарту жоспарын әзірлеген болатын. Бұған кәсіподақ наразылық білдірді, бірақ басшылық қызметкерлер санын қысқартуды талап етіп, 383 адамның жұмыстан биыл босатылуы тиіс екенін, қалғандарын қысқарту кейінірек талқыланатынын айтқан.
Кәсіподақ қауіпсіздік мақсатында қызметкерлерінің саны жеткілікті болуы үшін ең болмағанда зейнетке шығып отырған 276 қызметкердің орнына қажетті жұмыс күшін алуды ұсынды. Алайда басшылық бұдан бас тартып, келіссөздер тоқтады.
Осы арада елдің Еңбек министрі Ли Чжон Сик бейсенбіде әлеуметтік желілерде Seoul Metro-ның жиынтық тапшылығы былтыр 17,68 трлн вонға (13,48 млрд АҚШ доллары) жеткенін түсіндіріп, ереуілді тоқтатуға шақырды.
Ли жұмысшылардың қажетті қоғамдық қызметтің көрсетілуіне жауапты екенін айтып, олардың жұмысқа оралуын сұрады.
Бұл — одақтың екінші жыл қатарынан өткізіп жатқан наразылық шарасы. Алайда биылғы екі күндік ереуіл былтырғы толықкөлемді шараның бастауы және ескертуі ғана болуы әбден мүмкін.
Айта кетейік, Сеул метросында барлығы 9 желі бар.