Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген өзбекстандықтар 10 күнде елден кетуі тиіс
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Сыртқы еңбек көші-қоны агенттігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген өзбекстандықтарды 29 ақпанға дейін елден кетуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Ведомстводан мәлімдегендей, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген өзбекстандықтар елдің иммиграциялық қызметіне жоспарланған кету күнінен 3 күн бұрын ерікті түрде өтініш беруі қажет. Бұл рәсім барысында олар құзырлы орган мамандарына паспорт пен ұшақ билетін қоса ұсынуы тиіс.
Сәйкесінше, көші-қон қызметі берген сертификат негізінде өзбекстандықтар өз еліне еш қиындықсыз орала алады.
Сыртқы еңбек көші-қоны агенттігінің дерегінше, Оңтүстік Кореядан өз еркімен кету туралы шешім қабылдаған азаматтар депортацияланбайды. Егер өзбекстандықтар өтініш арқылы елден шықса, онда оларға сол мемлекетке заңды түрде қайта кіруіне мүмкіндік беріледі.