Оңтүстік Кореяда ЖИ қауіпсіздігі туралы заң күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл «Жасанды интеллектті дамыту және оған сенім қалыптастыру негіздері туралы негізгі заң» туралы құжат, деп хабарлайды Yonhap.

жасанды интеллект
Фото: naryk.kz

Құжат жасанды интеллекттің дамуына байланысты туындайтын дезинформация және басқа да ықтимал тәуекелдерге қарсы іс-қимыл жасауға арналған нормативтік базаны қалыптастырады.

Елдің Ғылым министрлігінің мәліметінше, үкімет ұлттық деңгейде жасанды интеллектті пайдалану бойынша кешенді нұсқаулықтарды бекіткен. Заң дипфейктер мен ЖИ-модельдер арқылы жасалуы мүмкін дезинформациямен күресте компаниялар мен әзірлеушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, үкіметке тексеру жүргізу және заң бұзушылықтар үшін айыппұл салу өкілеттігін береді.

Құжатта «жоғары тәуекелді жасанды интеллект» ұғымы енгізіледі. Оған адамдардың күнделікті өміріне немесе қауіпсіздігіне елеулі әсер етуі мүмкін контентті жасайтын ЖИ-модельдер жатады. Бұған жұмысқа орналастыру, кредиттік бағалау және медициналық кеңес беру салалары кіреді.

Мұндай жоғары тәуекелді ЖИ-модельдерді қолданатын ұйымдар пайдаланушыларды қызметтің жасанды интеллектке негізделгені туралы хабардар етуге және олардың қауіпсіздігіне жауап беруге міндетті. Сонымен қатар, ЖИ арқылы жасалған контент оның жасанды жолмен құрылғанын көрсететін сутаңбамен (watermark) белгіленуі тиіс.

— Жасанды интеллект арқылы жасалған контентті таңбалау — дипфейк жасау сияқты технологияларды теріс пайдаланудың алдын алуға арналған ең төменгі қауіпсіздік шарасы, — деді министрлік өкілі.

Оңтүстік Кореяда ЖИ қызметтерін көрсететін және төмендегі талаптардың кем дегенде біріне сай келетін жаһандық компаниялар жергілікті өкіл тағайындауға міндетті:

  • жылдық жаһандық табысы 1 трлн воннан (шамамен $681 млн) асатындар;

  • ел ішіндегі сатылымы 10 млрд воннан жоғары;

  • елде күніне кемінде 1 млн белсенді пайдаланушысы барлар.

Қазіргі уақытта бұл талаптарға OpenAI мен Google сәйкес келеді.

Заң талаптарын бұзғаны үшін 30 млн вонға дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, үкімет жеке секторға жаңа талаптарға бейімделу үшін бір жылдық өтпелі кезең енгізуді жоспарлап отыр. Заңда жасанды интеллект индустриясын дамытуға қолдау көрсету шаралары да қамтылған. Ғылым министрі әр үш жыл сайын ЖИ саласындағы жаңартылған мемлекеттік жоспарды ұсынуға міндетті.

Айта кетейік, Қазақстанда да «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар