Оңтүстік Кореяның келесі президенті кім болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 3 маусымда Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау өтеді. Сайлаудың қалай өтетіні және негізгі кандидаттар туралы толығырақ Kazinform тілшісінің материалында.

Жарыс басталды: алты кандидат, бірақ бірде-бір әйел жоқ
Бастапқыда президенттік сайлау 2027 жылға жоспарланған болатын, алайда Юн Сок Ёль қызметінен шеттетілгеннен кейін мерзімінен бұрын өтетін болды. 2025 жылғы 4 сәуірде Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты оның импичментін растады. Президентті қызметінен босатқаннан кейін 60 күн ішінде кезектен тыс сайлау өткізілуі тиіс. Ақыры, сайлау күні ретінде 3 маусым таңдалды.
Оңтүстік Кореяда сайлау бір турда, салыстырмалы көпшілік жүйесі бойынша өтеді, яғни ең көп дауыс жинаған кандидат жеңімпаз деп танылады (дауыс санының абсолюттік көпшілігі талап етілмейді). Президент өкілеттігінің мерзімі — бес жыл. Қазіргі және бұрынғы президенттер қайтадан сайлауға түсе алмайды.
Бұл жолы жеңімпаз дауыс беру нәтижелері ресми расталғаннан кейін бірден қызметке кіріседі, әдетте, екі айлық өтпелі кезең болатын.
12 мамырда кандидаттар ресми сайлауалды үгіт-насихатты бастады, ол 2 маусымға дейін жалғасады. Сайлауға жеті кандидат тіркелді. Олардың қатарында Ли Чжэ Мён (№1, «Тобуро демократиялық партиясы»), Ким Мун Су (№2, «Халық күші» партиясы), Ли Чжун Сок (№4, «Жаңа реформалар партиясы»), Квон Ён Гук (№5, «Демократиялық еңбек партиясы»), Ку Чжу Ва (№6, «Либералдық бірлік партиясы»), Хван Гё Ан (№7, тәуелсіз кандидат) және Сон Чжин Хо (№8, тәуелсіз кандидат) бар.
Кандидаттардың нөмірлері партиялардың Ұлттық жиналыстағы (парламент) орын санына қарай тағайындалады. «Кореялық инновациялық партиясы» өз кандидатын ұсынбағандықтан, №3 бос қалды.
18 мамырда «Либералдық бірлік партиясынан» ұсынылған кандидат өз кандидатурасын алып тастады. Осылайша, сайлаушылар елдің ең жоғары лауазымына үміткер алты адамның біреуіне дауыс береді.
20 мамырда шетелде тұратын немесе уақытша жүрген Оңтүстік Корея азаматтары жаңа президентті таңдау үшін дауыс беруге кірісті.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, шетелде дауыс беру алты күнге созылады. Бұл үшін 118 елдегі 223 сайлау учаскесінде 258 мыңнан астам азамат таңдауын жасай алады.
The Korea Herald-тың мәліметінше, соңғы 18 жылда президенттік сайлауға бірде-бір әйел қатыспай отырған алғашқы жағдай.
Нақты бәсекелестік – екі жетекші партия арасында
Ли Чжэ Мён
61 жастағы Ли Чжэ Мён 2017 жылы Демократиялық партияның президенттік праймеризінде алғаш рет көпшіліктің назарына ілікті. 2022 жылғы президент сайлауында ол Юн Сок Ёльге аз ғана айырмашылықпен жол берген. 2024 жылғы жалпы сайлауда Ли қайта сайланып, Демократиялық партияны жеңіске жеткізді. Осылайша, Юн әкімшілігінің басты сыншыларының бірі ретінде оппозицияның көшбасшысы мәртебесін нығайтты (Asia Pacific Foundation of Canada деректері бойынша).
Оның бағдарламасы прагматикалық сыртқы саясатқа негізделген. Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы сенімді нығайтуға, Қытай және Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға басымдық берген. Ол Оңтүстік Кореяның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін күшейту және соғыс жағдайында Оңтүстік Кореяға біріккен америкалық-кореялық күшті басқару құқығын беру қажеттігін мойындайды.
Ким Мун Су
73 жастағы Ким Мун Су 2012 жылы «Халық күші» партиясының праймеризіне қатысқан, бірақ Пак Кын Хеге жол берген. Юн Сок Ёльдің әкімшілігінде Экономикалық, әлеуметтік және еңбек кеңесінің төрағасы болды, ал 2024 жылы еңбек министрі болып тағайындалды.
Asia Pacific Foundation of Canada-ның мәліметінше, Ким Юнның импичментіне қарсы қатаң ұстанымымен консервативті сайлаушылар арасында танымал болды.
Кимнің сыртқы саясаттағы ұстанымы — Оңтүстік Корея мен АҚШ альянсы аясындағы ынтымақтастықты нығайту және Солтүстік Кореяны ядролық жолмен тежеу. Ол АҚШ-пен өзара қорғаныс туралы шартты қайта қарап, ядролық қорғаныс ережелерін қосуды ұсынады. Лиден айырмашылығы, ол әскери басқаруды беру мәселесін басым бағыт деп есептемейді.
Кім басым түспек ?
23 мамырда жарияланған Gallup Korea сауалнамасына сәйкес, Ли Чжэ Мёнге қолдау — 45%, одан кейін Ким Мун Су — 36%, Ли Чжун Сок — 10%.
Yonhap атап өткендей, өткен аптамен салыстырғанда, жарыс көшбасшысы 6% жоғалтқан, ал бәсекелестері тиісінше 7% және 2% қосқан.
Ким Мун Су 11 мамырда «Халық күші» партиясынан ресми түрде кандидат болып жарияланды, ал сайлауға 22 күн қалған еді. Бұл кезде Ли Чжэ Мён кандидат ретінде жарияланғанына екі апта өтті.
Саяси шолушылардың пікірінше, Ли сайлауалды науқанды сәтті бастап, сенімді келеді (The Korea Herald).
Алайда «Халық күші» партиясы Юн Сок Ёльдің көлеңкесінен әлі арыла алмай келеді. Юн — президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге мәжбүр болған тұлға.
Демократиялық партия өз үгітінде «Халық күші» мен Юн арасындағы байланысты және 2024 жылғы желтоқсанда Юн енгізген әскери жағдайды еске салып, қарсы шабуыл жүргізіп жатыр.
Көптеген сауалнама нәтижесі бойынша Ли басты фаворит саналады. Сондықтан Демократиялық партияның негізгі стратегиясы — байыпты әрекет ету.
Алайда оның жеңісті жолына 1 мамырда үзіліс болды, яғни жоғарғы сот төменгі соттың шешімін жойып, Лиді сайлау заңын бұзды деп таныды. Алайда кейін сот процесі сайлаудан кейінге шегерілетіні хабарланды. Осылайша, оның ең әлсіз тұсы — сот тергеуі уақытша жойылды. Сауалнамалар бойынша алда келе жатқанына қарамастан, The Korea Herald атап өткендей, Ли соңғы жылдардағы «ең жағымсыз» саясаткерлердің бірі саналады. 12–13 мамырда 3000 сайлаушы арасында жүргізілген сауалнамада ол президенттік кандидаттардың арасында ең көп қолдау тапқанымен, 53% оны әлі де «антипатия тудыратын» саясаткер деп бағалаған.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялағаннан кейін, Ұлттық жиналыс 14 желтоқсанда оның импичментін қолдады. Ал 2025 жылғы 4 сәуірде Оңтүстік Корея Конституциялық соты импичментті бекітіп, Юн Сок Ёльді қызметінен шеттетті.
Айта кетсек, биыл 2 мамырда Оңтүстік Корея Президенттің міндетін атқарушы тағы ауысты.
Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның экс-президенті сайлау алдында партиядан кеткені туралы жазған едік.