Оңтүстік өңірлердің шаруаларына 2,5 млрд текше метрден астам су жеткізілді – Қазсушар

АСТАНА.KAZINFORM – Суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан егістік алқаптарға 2,5 млрд текше метрден астам су жеткізілді. Бұл туралы ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры Берікбол Шатабайұлы Мәндібаев хабарлады.

Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендей бастады
Фото: Ғайсағали Сейтақ

– Түркістан облысында 276 мың гектар жерге 1,3 млрд текше метр су берілсе, Қызылорда облысында 105 мың гектар егістікке 950 млн текше метр су жеткізілді. Жамбыл облысында 31 мың гектар алқапқа 107 млн текше метрден астам су таратылды. Жетісу облысында 18 мың гектар жерге 127 млн текше метр су беріліп, оның ішінде 11 мың гектар жер толық ылғалдандырылды. Ал Д. Қонаев атындағы «Үлкен Алматы» каналы арқылы 5 210 гектар егістікке 33 млн текше метр су жеткізілді, – деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ, оның айтуынша, ауа райының қолайлы болуы мен суармалы судың уақытылы берілуінің нәтижесінде Түркістан облысының диқандары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинап үлгерсе, мамыр айының соңғы онкүндігінде қауын, ал маусым айының алғашқы аптасында қарбыз жинауға кіріскен.

Берікбол Мәндібаевтың мәліметінше, биыл «Қазсушар» филиалдары шаруалармен су жеткізуге қатысты 20 402 келісімшарт жасасқан.

– Аталған ұйымның филиалдары тек келісімшарт жасаған шаруаларға ғана су жеткізетінін ескерте кеткен жөн, – деді ол.

Айта кетейік, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің төрт модулі пилоттық режимде іске қосылғанын хабарлағанбыз

Сондай-ақ Су ресурстарын басқарудағы ынтымақтастық: SUEZ Қазақстанда жұмыс істеуге дайын екенін жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар